Шикі мұнай мен газ конденсатын есепке алу ақпараттық жүйесі іске асырылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мұнай мен газ конденсатын есепке алу ақпараттық жүйесін іске асыру жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінің алқа мәжілісінде ведомство басшысы Нұрлан Ноғаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 144-бабына, сондай-ақ «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының 1-тармағына сәйкес, мұнай мен газ конденсатын есепке алу ақпараттық жүйесін іске асыру жоспарлануда. Бүгінгі таңда бірқатар жұмыс атқарылды», - деді министр.

Атап айтқанда:

Бірінші. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірлескен бұйрығымен мұнайды есепке алу ақпараттық жүйесі пилоттық режимде іске қосылды.

Екінші. Есепке алу аспаптарымен жарақтандырудың бас схемасы әзірленіп бекітілді.

Үшінші. Бүгінгі таңда 4 мұнай тасымалдау ұйымының 3-еуі («КазТрансОйл», «Мұнайтас», Қазақстан-Қытай құбыржолы». 4-ші ұйым «Каспий құбыр консорциумы» ЖШС қосылуда) жүйеге қосылды.

«Тұтастай алғанда, биыл Қазақстан бойынша мұнай өндірудің жалпы көлемінің 60 пайызын қамтамасыз ететін ұйымдарды жүйеге қосу жоспарланып отыр», - деді Н. Ноғаев.


Соңғы жаңалықтар