Шетсіз қала: Алматының ең жас ауданы қалай өзгеріп жатыр?

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда 22 қазанда Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен Алатау ауданында аудан әкімі Азамат Қалдыбековтің қатысуымен баспасөз туры және баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында теңдестірілген аумақтық даму туралы айтқан болатын. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың Алматыны дамыту стратегиясы аясында «шетсіз қала» қағидасына ерекше көңіл бөлетіні белгілі, оның мақсаты - жатын аудандарды дамыту, мегаполистің барлық аудандарында тұрғылықты жеріне қарамастан халықтың жоғары өмір сүру стандарттарын қамтамасыз ету.

Алатау ауданында бұрыннан тұрғындар тарапынан бірнеше рет көтеріліп келе жатқан жобалар жүзеге асырылып, мәселелер шешіліп келеді.

Алдымен баспасөз туры барысында тілшілерге «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында ашылған Алатау ауданы әкімі аппаратының ғимаратындағы «Ашық әкімдік» фронт-офисі көрсетілді. Жобаның басты мақсаты – мемлекеттік органдардың азаматтар үшін қолжетімділігін арттыру, кедергісіз орта қалыптастыру, халыққа «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету.

«Мұнда 4 бөлім бар-абаттандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік және әлеуметтік сала. Сонымен қатар, аудан әкімдігінің құзыретіне кірмейтін мәселелер де бар. Бұл жер қатынастары, сәулет және басқа қалалық басқармаларға қатысты мәселелер. Осыған байланысты біз осы мамандардың жұмысын ұйымдастырып жатырмыз. Олар аптасына екі рет қала тұрғындарын қабылдайды. Аудандық кеңсе де осында орналасқан, сұрақтарды жинап, тиісті басқармаға жібереді», - деді аудан әкімі Азамат Қалдыбеков.

Одан кейін тілшілер «Алатау аналары» қорының үлгісінде халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған топтарына көмек көрсететін қоғамдық қорлардың қызметі таныстырылды. Қорда тігінші, визажист, шаштараз, кірпік ұзарту маманы болып 12 ана жұмыс істейді. Қор сонымен қатар әйелдер мен балаларды тігін ісіне, косметологияға, биге, музыкалық аспаптарға үйретуге мүмкіндік береді. Осы орталықта барлығы 2500-ден астам адам оқытылды.

Сонымен қатар, «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан Ақбұлақ шағын ауданындағы сквердің жөндеуден кейінгі келбеті таныстырылды.

Саябақта балалар мен спорт алаңдары, жекпе-жек алаңдары бар. Орындықтар, урналар, көшені жарықтандыратын 17 тірек орнатылды. 1280 шаршы метр төсем төселді. Аудан әкімі атап өткендей, бұл саябақты құру мәселесі Алматы қаласы әкімінің аудан тұрғындарымен кездесуі кезінде көтерілген болатын.

«Осы саябақта балаларға арналған жаңа балалар және ойын алаңдары орнатылды. Демеушілердің күшімен спортпен айналысу үшін спорттық манеж салдық. Бүгінгі таңда балалар спорттың 6 түрі таэквондо, каратэ, бокс, күрес және кудо бойынша жаттығуға мүмкіндік алды», - деді аудан әкімі.

Аралас жекпе-жектен 3 дүркін әлем чемпионы Ардақ Назаров спорттық нысанның балаларды тәрбиелеуде маңызы зор дейді.

«Мен осы ауданда өстім. Шаңырақ шағын ауданында 1994 жылы 14 жастағы баламын. Жол жоқ, жарық, су жоқ, жағдай жоқ, сонда да жаттығып өстік. Бүгін ел дамып жатқан кезде атқарылып жатқан бұл істер мемлекеттің жанашырлығының белгісі деп білемін. Тек сөзбен айтпай дәлел ретінде ашылып жатқан балалар алаңы спорт алаңдары, жазғы спорт алаңдары үлкен өнеге болып отыр. Маған спортшы ретінде көп ата ана жазады. Қалаға баламызды бере алмаймыз, алыс, кептелісі бар. Қазір үйден шықтыңыз, орталық қасынызда, ақысыз. Балалар спортшы болмаса да бапкерден тәлім-тәрбие алса, нұр үстіне нұр емес пе», - деді Ардақ Назаров.

Биыл 17 қыркүйекте Алатау ауданында «Шыңға өрлеу» бағдарламасы аясында «Домбыра орталығы» әлеуметтік нысаны ашылды. Демеушілердің көмегімен орталыққа құрал-саймандар сатып алынды. Ғимаратқа жөндеу жүргізіліп, іргелес аумақ абаттандырылды. Орталықта домбыра ойнауды 100 бала меңгереді.

«Домбыра орталығына келген балалар күйші болып кетпесе де, ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп өссе деген оймен ашылды. Домбыра тартып өскен баланың тәрбиесі жақсы болады. Өскелең ұрпақ телефон ойнаумен де уақытын өткізіп жатыр. Сол уақытты аптасына 3 рет домбыраға бөліп жатырмыз. Мұнда кез-келген оқушы келіп жазыла алады», - деді Алатау ауданы Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жұлдыз Бұзауқызы.

Журналистер «Шаңырақ-2» шағынауданында орналасқан артезиан бұлағына да барды. Осыдан бірнеше апта бұрын бұл жерде тек бір құбырдан аққан суға жүздеген адам кезекке тұратын.

Қазір бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында аймақ толық абаттандырылып, артезиан суына 5 құбыр түтігі орнатылды.

Сондай-ақ, «Ұлжан» шағын ауданындағы спорт аймағы таныстырылды. Онда жақында футбол алаңының ашылуы өтті. Аумақта жаттығу құрылғылары орнатылған workout аймағы бар. Бұл нысан да бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынды.

Содан кейін баспасөз турына қатысушылар «Шапағат» шағын ауданына келді. Онда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында саябақтың ағымдағы жөндеуімен танысты. Оның аумағы 13 000 шаршы метр. Ол жерде балалар алаңы және спорт алаңдары, футбол алаңы бар. Көшені жарықтандыру тіректері, орындықтар мен урналар орнатылды.

Баспасөз турының қорытындысы бойынша қатысушыларға «Сосновый бор « саябағын ағымдағы жөндеу бойынша жоба таныстырылды. Бұл жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында да жүзеге асырылды. Алаңы 3 га сквердің аумағында балалар, баскетбол, workout алаңдары орналасқан. Суару жүйесі бар. 4000 шаршы метр көгал төселген. Көшеге жарықтандыру және орындықтар мен урналар орнатылды.


Соңғы жаңалықтар