Шетелге турпакет пен әуе билетін сатып алған азаматтарға ақшасы қайтарыла ма

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова туристік мақсатта алдын ала алынған билеттердің ақшасы иелеріне толығымен қайтарылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің билет алған азаматтардың бүгін өздерінің билеттерін кассаларға, алған жерлеріне өткізуіне мүмкіндік бар. Олардың ақшалары қайтарып беріледі. Туристер мәселесі де күрделі сұрақ. Біздің азаматтарымыз шетелге шығатындай алдын ала билеттерін алып алады. Әуе билеттері мен өздерінің туристік жолдамаларын да алдын ала алады. Бүгін де бұл мәселені бірнеше сатыға бөліп отырмыз. Бірінші саты – туристердің әуе билеттері. Азаматтық авиация комитетінен ұсыныс түсті. Біздің туристердің алған әуе билеттерінің бәрін қаржыларын ұстамай, айыппұлдар алмай 100 пайыз қайтаруға мүмкіндік беріледі», - деді Ақтоты Райымқұлова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Министр туристік пакеттер жайлы сөз қозғай келе «Қамқор» атты қор барын еске салды. Сол қордың өзінің жиналған қаржысына орай осы турпакеттерге қатысты агенттіктермен, операторлармен жұмыс жүргізілуде.

«Ең алдымен осы «Қамқор» қорында туристік агенттіктер мен операторлар осы қордың мүшелігінде болуы керек. Екінші жағдай - бүгінгі күнде «Атамекен» палатасымен ақылдасып жатырмыз. Осы туристік агенттіктер мен операторлардың қаржылық шығындарын орнына келтіру үшін қандай да бір шаралар қарастырылуда. Сонымен қатар, туристік пакеттерді алғанда оның екі бөлігі бар. Оның біреуі әуе билеті, екіншісі қонақүйде жату. Ол, әрине, ең алдымен турпакетті алып жатқан азамат пен оператордың арасындағы қарым-қатынас шарттарына байланысты болып отыр. Сондықтан, әрбір азамат осы қарым-қатынас шарттарына қол қойғанда ішін қарап оқып, өз қаржыларын алады деп ойлаймыз», - деді ол.

Еске сала кетсек, Денсаулық сақтау министрі 14 наурызда елордада өткен баспасөз мәслихатында Елжан Біртанов Қазақстанда екі адамның коронавирус жұқтырғанын жеткізген еді. Көп өтпей Милан қаласынан Нұр-Сұлтанға келген тағы бір қазақстандықтан коронавирус инфекциясы табылды.

Кейін Германиядан ұшып келген Қазақстанның тағы бір азаматынан коронавирус анықталды. Осылайша бұл дертке шалдыққандар саны 4 адамға жеткен еді.



Соңғы жаңалықтар