+7 (701) 759 90 19
USD 433.15 EUR 515.06
RUB 5.61 CNY 66.06
Jańalyqtar

Шетелдіктер қазақ халқын Алғыс айту күнімен құттықтады

2021 жылғы 1 наурыз 22:00
Бөлісіңіз:
Шетелдіктер қазақ халқын Алғыс айту күнімен құттықтады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шет елдерден, соның ішінде Әзербайжан, Болгария, Израиль, Ресей мен Украинадан Алғыс айту күніне орай жолданған құттықтаулар легі азаяр емес. Сыртқы істер министрлігі таңдаулы лебіздерді ресми сайтында жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мехрибан Қасымова

Әзербайжанның «СВС» арнасының тілшісі

Барлығы үшін бар алғысымды айтамын

Қазақстан маған 22 бақытты жылды сыйлады. Мен – түрлі халықтар мен ұлттардың өкілдері өзара бейбітшілік пен келісімде өмір сүретін елде туып өстім.

Ең алдымен, Қазақстан туралы сұраған соң айтып отырмын. Менің отбасым қуғын-сүргін нәтижесінде емес, Кеңес Одағы кезінде Қазақстанға көшіп келген. Балалық шақ, жастық шақ туралы естеліктер және қалыптасу кезеңдері – бәрі мен үшін қымбат әрі мейірім мен шуақты күндердей есте қалды. Менде жат елде жүрмін деген сезім ешқашан болған емес. Қазақстанға бейбіт күндер үшін ризамын!

Менің алғашқы және осы күнге дейін ең жақын достарым – қазақтар, орыстар, немістер, украиндар. Біздің көршілеріміз бен туыстарымыз да әр түрлі ұлттар мен ұлыстардан. Бір-біріне қонаққа бару, мұсылман және христиан мерекелерін бірге атап өту біз үшін өте маңызды күндер еді. Біз қазіргі қашықтыққа қарамастан, әлі сөйлесіп тұрамыз. Қазақстанға менің өмірімдегі шынайы және нағыз адамдар үшін ризамын!

Ерекшелік белгісі бар аттестат, орта мектепті үздік тәмәмдау, қызыл дипломы бар жоғары оқу орны және, ең бастысы, кәсіби қызметтегі алғашқы қадамдарым осы елде жасалды. Қазақстанға маған берген білімі мен журналистикадағы тәжірибесі үшін ризамын!

«Алғыс айту күні» - бұл Қазақстанның еңбек сіңірген мерекесі. Ел мақтауға тұрарлық, өйткені бүгінде, алдыңғы онжылдықтар сияқты, мейірімділікті, төзімділікті, толеранттылықты және мультимәдениеттілік дәстүрлерін сақтау оңай емес. Әлемде түрлі қақтығыстар, оның ішінде этносаралық кикілжіңдер орын алған кезеңде мемлекет ішінде достықты сақтау өте қиын... Жоқ, бұл халықтар достығы емес, адамдардың достығы туралы. Қазақстанда біртұтас халық бар. Көптеген адамдар депортацияның салдарынан сонда болған, бірақ өзімді ешқашан бөтен сезінбедім!

Осы елге барған, осы өмірге аздап еніп, оның салт-дәстүрлерімен танысқан кез-келген адам, ең алдымен, бостандық рухы туралы айтады!

Туған өлке,

Шетсіз-шексіз кеңдіктер,

Мәңгі менің жадымда.

Өшпес ізді қалдырар,

Кең даланың еркіндік рухы,

Мен туған жерде жаңғырар.

Мен есейдім, өз-өзіме сөз бердім,

Туған жерді ұмытпаспын мәңгілік

Бұл жолдарды мен Қазақстаннан көшер алдында жаздым. Маған байланысты емес себептер бойынша солай болды. Жылдар өткен соң, мен өзімнің әрбір сөзімді растаймын және мен Қазақстаннан екенімді мақтанышпен айтамын. Бұл менің Отаным. Мен онда өткізген 22 бақытты жылым үшін ризамын.

*****

Василий Петков

Болгария Республикасы СІМ Елшісі

110 жыл бұрын украиналық болгарлар Қазақстаннан екінші үйін тапты

Қазақстан Республикасындағы тамаша мереке – Алғыс айту күніне байланысты, Болгария Республикасының Қазақстан Республикасындағы бұрынғы Төтенше және Өкілетті Елшісі ретінде (2015-2019) мен осы тамаша мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстан халқы мен ел басшылығына шынайы және шын жүректен шыққан құттықтауымды білдіргім келеді.

Қазақстан Республикасы көпұлтты және толерантты ел, онда бейбітшілік пен келісімде 120-дан астам этнос, оның ішінде 110 жылдан астам уақыт бойы Қазақстан Украина мен Бессарабиядан қабылдаған этникалық болгарлар тұрады.

Бұл этникалық болгарлар біздің екі халықтың арасындағы достықтың алтын көпірі. Бүгінде Қазақстан Республикасында болгар тілі мен мәдениетін оқытуды қолдайтын болгар мәдени-ағарту орталықтары жұмыс істейді және олар белсенді дамуда. Бұл біздің екі халықтың арасындағы мәдениет пен ағарту саласындағы неғұрлым белсенді ынтымақтастығына қосқан үлес.

Ғасырлық мәдениет пен тарихи және рухани байланыстар жалғастыратын елдеріңізге бейбітшілік пен береке тілеймін!

*****

Зина Полянская

Бүкіл израильдік Қазақстаннан

келгендер қауымдастығының төрағасы

Қазақстан халқының Алғыс айту күні құтты болсын

1 наурыз күні елімізде мейрам ретінде атап өтілгеніне алты жыл болды. Қазақстан күнтізбесінде жаңа мереке құру туралы ұсынысты Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1995 жылғы 1 наурызда құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) ХХІІ сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде айтты. Бұл күн шын мәнінде мейірімділіктің, барлық қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесіне айналды!

1941-45 жылдары көптеген еврейлер Қазақстанға эвакуацияланды, олардың көпшілігі Республика мәдениетін дамытуда маңызды рөл атқарды, олардың ішінде Е.Брусиловский – қазақ музыкалық өнерінің негізін қалаушылардың бірі.

Сондай - ақ олардың арасында танымал кинорежиссер, оператор, суретшілер болды, мысалы, Қазақфильмнің бас суретшісі Зальцман, Алматы орыс драма театрының бас режиссерлері – Я.Штейн, А.Локшин. Әр жылдары Қазақстанға бүтіндей бір халықтар қоныс аударды. Соғыс кезінде, соғыстан кейін көмекке аса мұқтаж болған оларды қазақ отбасылары өз үйлеріне қабылдады, қамқорлық көрсетті, қонақжайлылық танытты, қолда барымен бөлісті. Менің әжем мен анам соғыс кезінде Қазақстанға Одессадан эвакуацияланып келді, соғыстан кейін қайтып оралмады, өйткені олардың үйі бомбаланған еді. Уақыт өтті, мен Қазақстанда туып өстім, әрине менің көршілерім, құрбыларым мен достарым барлық ұлттардан болды, бірақ кім қай ұлттан екен деп ешкімді, ешқашан бөлмеді! Барлығы бірге өмір сүрді! Менің Отаным – Қазақстан, ол жерде менің мектептен, техникумнан, университеттен келе жатқан достарым мен құрбыларым бар, армиямен байланысты менің сүйікті жұмысым да сонда.

Достарым Израильге келгенде, маған қоңырау шалып, хат алмасады. Мен болсам үйде отырып, Алматыда болып жатқан оқиғалар туралы хабардар болғым келеді! Сондықтан 2001 жылы Израильге келгеннен кейін бірден жерлестерімізді тауып, біз Қазақстаннан көшіп келгендер қауымдастығын аштық! Биыл бізге 20 жыл! 1 наурыз – ҚХА – ның құрылған күні, барлық этностардың бір-біріне және осы адамдарды туған-туысқандары ретінде қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні. Мереке республикада тұратын ұлттар мен ұлыстардың достығын, татулығын, бірлігін білдіреді. Қазақстан өзінің көпұлтты халқымен танымал. Мұнда 130 этностың өкілі тұрады.

Үлкен қазақ отбасына өзбек, орыс, украи, неміс, кәріс, ұйғыр, қырғыз, еврей, армян, грузин және басқалар кірді. Олардың барлығы қазақстандықтар деп аталатын бір тату халық. Мереке ең мейірімді және жарқын күндердің бірі. Бұл тамаша күні, өз жақындарымыз бен достарымызға өз алғысымызды жолдай аламыз. Біз, Қазақстанның тумалары да осы мерекеге қосыламыз және осындай тамаша жерде өмір сүрген жылдарымыз үшін Қазақстанға ризамыз! Тұңғыш Президент - Елбасы Н.Назарбаевты, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты және бүкіл Қазақстан халқын Алғыс айту күнімен құттықтаймыз және республикаға одан әрі өркендеп, қазақстандық жерлестерімізге достық пен бауырластықтың игі дәстүрлерінің нығаюына тілектеспіз!

Сүйікті Қазақстан!

Қуатты ел!

Мен осында туып өстім,

Өмірімнің бір бөлігін өткіздім.

Балалық шақты ойлаған күндерім,

Әрқашан оралсам елім!

*****

Олжас Жанайдаров

драматург, сценарист, И.Немирович-Данченко атындағы мектеп-студиясында драматургия пәнінің оқытушысы. «Золотая Маска» театр сыйлығының «Драматургтің үздік жұмысы» номинациясының иегері

Ресейден – махаббатпен

1 наурызда Қазақстанда Алғыс айту күні атап өтіледі – осыған байланысты мен Ресейде бес жылдан бері тұрып келе жатқан азамат ретінде тарихи Отаныма алғыс айтқым келеді. Алматыда туып өстім, туыстарым Қазақстанның түкпір-түкпірінде тұрып жатыр, тіпті Мәскеуде болсам да, елде болып жатқан оқиғаларды қарап отырамын. Отанмен байланыс бала кезден үзілген емес.

Қазақстанға жаз айларында аз күндерге баратынмын. Маусым айында Қостанайдағы туыстарыма барып, саяжай, қымыз бен сүт қатқан шайдың дәмін татып, дастархан басындағы қазақша сөздерді тыңдап қайтатынмын.

Тағы да Қазақстан Республикасына қатысты айтар болсам, Мәскеудегі әке-шешемнің пәтерінде Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Олжас Сүлейменовтің (айтпақшы, мені атақты қазақ ақынының құрметіне атаған) кітаптары том-том болып тұратын. Жатын бөлменің бұрышында домбыра сүйеліп тұрды. Мұның бәрін бір кездері әкем мен анам Ресейге тасып, мұқият сақтады. Кітаптар оқылды, ал домбыра үйрену сабақтары мектеп жылдарында өтті.

Бірақ туған мәдениеттің басты жолсерігі және қамқоршысы әрқашан ұлттық тағамдар болды. Демалыс күндері біздің үлкен отбасымыз үстелге отырып, манты дайындайтын. Пештегі қазанда пеште бауырсақ, тоңазытқышта сүр қазы сақталатын. Бір жылдары туған күніме мәскеулік сыныптастарымды шақырып, оларға қазы-қарта тартқаным есімде, мен үшін бұл әлемдегі ең дәмді тамақтардың бірі. Түрлі асқа деген сүйіспеншілік ерте балалық шақта қалыптасатынын білдім - сол кезде қазақ тағамдарына деген махаббатым ерекше екенін түсіндім.

Бала кезімде мені және ағаларымды Ресейдегі Қазақстан Елшілігі жанындағы жексенбілік мектепке алып баратын. Тағдырдың жазуымен бөтен елде қалған біздің және басқа да жас отандастарымыздың үстелдерінде жасыл шұғасы бар кең кабинеттерде тіл, музыка, халықтық нақышта сурет салуды үйретті.

Қазақстан бұрынғысындай менің жүрегімде – енді бұл байланыс менің кәсіби қызметіммен нығайып келеді. Менің пьесаларым көбінесе Ресейдегі қазақтардың өмірі туралы баяндайды немесе Қазақстанның тарихи өткенін зерттейді. Бұл шығармалар Отанымызда қойылады - мысалы ондағы ең танымал пьесалардың бірі - 1930 жылдардағы ашаршылықтың қайғылы оқиғаларына арналған «Жұт». Аталмыш шығарма Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтау, Петропавл, Орал, Өскемен театрларында қойылды. Менің театр саласындағы қызметім маған Қазақстанға қайта-қайта келіп, жобалар жасауыма, дос болуыма, жаңа адамдармен танысуыма және тарихи Отанымда өнердің дамуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауыма мүмкіндік береді.

Мен Қазақстанға және оның тұрғындарына бар салада даму, амандықпен табыс тілеймін! Менің тарихи Отанымда әрбір азамат өзін–өзі жүзеге асыру үшін барлық мүмкіндіктерге ие, ал мемлекетімізді – әлемдік аренада жоғары мәртебеге және салмаққа ие болатын тамаша болашақ күтеді деп сенемін. Алға, Қазақстан!

*****

Юлия Ковалевская

Украинаның V және VI шақырылымдарының халық депутаты

Өмірімнің 10 жылы қонақжай қазақ жерімен байланысты

Алғыс айту күні – бұл Қазақстан жерінде әр жылдары өмір сүрген және өмір сүріп жатқан барлық ұлттардың бірлігінің символы. Қиын жылдары қазақ халқы ХХ ғасырдың драмалық оқиғаларының салдарынан осында келген миллиондаған адамдарға пана болды. Дәл сол кезде өзара сыйластық пен достық негіздері, Қазақстандағы этносаралық қатынастарды сипаттайтын ортақ тіл табысу қалыптасты.

Жаһандық ауқымдағы қазіргідей күрделі кезеңде Қазақстанның ұлттық негізде түрлі қарсылықтарға жол бермеуі, түрлі тілде сөйлеп, әртүрлі дінді ұстанатын және өз дәстүрлері бар адамдарды бір шаңырақтың астында өзара келісімді сақтай отырып, бейбіт қоғамды қалыптастыруы өзекті әрі тиімді тәжірибе болып тұр.

10 жылдан астам өмірімнің қонақжай қазақ жерінде өткеніне мен өте қуанамын. Мен мұнда өстім, оқыдым. Сіздердің елдеріңізде менің көптеген жақын достарым қалды. Мен Қазақстан бүкіл әлемге үлгі етіп отырған ымыраға келу мен толеранттылықтың сарабдал саясаты адамзат алдында тұрған жаңа сын-қатерлер мен қауіптерді еңсеру жолындағы бағыт-бағдары болып табылатынына сенімдімін.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT