Шетелдегі тұңғыш халықаралық жеке меншік қазақ мектебі қалай ашылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Киіз туырлықты Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында 500 орындық жеке меншік қазақ мектебі бар. Құсбегілігімен қазақ атын әлемге танытқан Айшолпан Нұрғайыпқызы да сол мектепте білім алған. ҚазАқпарат тілшісі ашылғанына жақында ғана бес жыл толып отырған осы мектептің тыныс-тіршілігі туралы білген еді.

Ол кісіні Моңғолия қазақтары сыртынан Сайран қажы деп атайды. Бірақ Сайран Қадырұлы ешқандай да имам немесе теолог емес. Мысыр, Қатар, Кувейт, Бахрейн, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты мұсылман мемлекеттерінде Моңғолияның Төтенше және Өкілетті елшісі болған. Халықаралық қазақ мектептің іргесін қалаған осы азамат. Нұр-Сұлтанға келгенін пайдаланып, әңгімеге тартқанбыз.

«Болашақтың» моңғолиялық моделі

«Кеңес жүйесі құлап, Моңғолия азаматарына еркіндік берген тұс болатын. Алғашында ел кәдімгідей есеңгіреп қалды. Бірақ есін тез жиып алды. Өйткені, Ресейге де, Қытайға да арқа сүйеуге келмейтін жағдай туындаған. Жүзе алмайтын адамды суға лақтырған тәрізді өздігімізден «малтып үйрене» бастадық. Мен ол кезде 35-те едім. Халық Ұлы құрылтайына депутат болып сайландым. Депутаттар Конституцияны өзгертіп, Парламенттік басқару жүйесіне көшу үшін жан алысып, жан берісіп жатты. Сол кезде менің ойымда мүмкіндікті пайдаланып, қазақ балаларын шетте оқытуға күш салу мәселесі тұрды. Мұсылман қоғамы деген атпен бейресми ұйым құрып, мүмкіндігі бар мұсылман елдердің көмегімен қазақ жастарын дамыған елдерде оқыта бастадық. Түркия бірінші болып көмек берді. 30 жылдың ішінде 1 500 -1 600 қазақ баласын шетелде оқытқан шығармыз. Жалындап тұрған шағымыз ғой, алдымызға қазақ балаларын Моңғолия Үкіметімен жарысып оқытуды мақсат етіп қойған болатынбыз», - деп еске алады экс-елші.

Озық елдерден білім алған 1,5 мың жастың 50-60 пайызы қолына диплом алған бетте Қазақстанға қоныс аударған көрінеді. Сайран қажы осы мектепті аяқтаған студенттердің 10-15 пайызы Түркияда, Еуропада, Кореяда, АҚШ-та қалғанын айтады.


«Одан өзгесі Моңғолияға оралды. Зұлфықар Сарқыт деген бір шәкіртім қазір Ұланбатырдағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры. Алтынбек Мұрат деген екінші студентім АҚШ Бостон университетінде зерттеуші ғалым болып жұмыс істейді. Еркінгүл Шұғайыпқызы деген тағы бір студентім Түркияның әйгілі Medipol университеті ауруханалар желісінде невропатолог. Тағы бір студентім Жанбота Мейрам Дубайдағы Еркін сауда аймағында әлемдік Дубай Порт Уорлд компанияның есепші менежері, Имантай Шаует деген жігіт Ыстанбұлда дәрігер терапевт болып жүр. Samsung, Microsoft компанияларында жұмыс бастаған Баян-Өлгей жастары бар. Моңғолиядағы демократия бұлардың бәріне еркіндік бергенімен, мүмкіндік ұсына алмады. Шет елде оқып, күн көрудің шығынын өзім елші болған мұсылман мемлекеттердің қайырымдылық қорларынан тарттым. Ал мына Халықаралық қазақ орта мектепті ашқанымызға биыл 5 жыл болды. Біздің ұжым, ата аналар кеше ғана дүрілдетіп тойлап өтті. Қаршадайынан құсбегілігімен қазақ атын әлемге шығарған Айшолпан да біздің мектептен түлеп ұшты», - дейді Сайран Қадырұлы.



Медресе орнына салынған мектеп...

2014 жылы Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Заид қорының ақшасына медресе салынады деген жерден дипломаттың ұйғарымы бойынша 500 орындық мектеп бой көтерген екен.

«Демеушілер қарсы келмеді. Моңғолияның қазақ аймағындағы халықаралық қазақ мектебі осылай құрылды. Мектеп ғимараты салынды демесеңіз, ештеңе дайын емес болатын. Оқу орнының менеджменті қалай жүретінін, мұғалімдерді қалай тарту керектігін білмейтінбіз. 35 жастағы бір математик жігіт сенімді ақтауға дайын екенін білдірді. Сол кезде мектептегі мұғалімдердің орта жасы 26 болатын. Яғни, ешқандай ескі жолмен жүрмеген, жаңаша ойлайтын мамандарды тарттық. Бес жылдан кейін қарасақ, аз жұмыс істемеген сияқтымыз. Біздің аймақта қазақ тілінде білім беретін түрлі деңгейдегі 46 мектеп бар. Өткен жылы сол 46 мектептің ішінде 2 орынға шықтық. Мұны мектеп ұжымының табысы деп ойлаймын. Өткен бес жылда Германия, Швейцария, Франция, Түркия, АҚШ қатарлы елдерден 27 ұстаз келіп жұмыстап, тәжірибелерімен бөлісті. Ұстаздарымыз Швейцария, Түркия, Германияға барып қысқа курстарда білім-білігін жетілдірді. Кешікпей алғашқы оқушыларымыз Швейцарияға оқушы алмасу жобасымен екі айға бармақ. Германияның Гете институты, Түркияның МААРИФ қорымен бірігіп жұмыс істей бастадық. Қазақстан Білім және ғылым министрлігі, Ұланбатырдағы Қазақстан елшілігі, «Қазбілім» орталығы сияқты ұйымдармен тығыз байланыстамыз», - дейді білім ошағының құрылтайшысы.

Kazakh International School-да негізгі сабақ қазақ және моңғол тілдерінде жүргенімен, қазақ тарихы мен әдебиетіне, математикаға басымдық берілетін көрінеді. Болашақта нақты ғылымдарды дамытып, технологияны тереңдетіп оқуға күш салмақ. Озық елдердің іргелі ілімін еркін меңгеру үшін, әлбетте, халықаралық тілдерді еркін білу қажет. Сол үшін де ағылшын, неміс, түрік, орыс тілдері пән ретінде оқытылады. Олардың қатарына жапон және қытай тілдері қосылуы мүмкін.

«Бұл тілдерді балалар қалауына қарай оқиды. Яғни, бір сынып бірнеше топқа бөлініп тіл меңгеріп жатыр», - дейді Сайран қажы.

Қазақстаннан қандай көмек керек?

Кейіпкеріміз сөз арасында Қазақстаннан көмек болса, көптік етпейтінін айтып қалды.

«Бұл мектеп шеттегі қазақ диаспорасына үлгі болса екен деген мақсат қойғанбыз. Қалай десек те, шеттегі қазақтар бұл жақтан көп үміт күтеді. О баста Қазақстанның оған мүмкіндігі болмады. Мүмкіндігі болғанда үйлестіретін мамандар болмады. Қаржы бөлінгенімен, нақты қолдау аз болды. Бір реттік акциялар мен шаралар, концерт қою, кітап тарату сияқты дүниелердің төңірегінен шықпай жүрміз. Бес кітап апарғанымызды үлкен жаңалық көреміз. Шын мәнінде шеттегі қазақтарға қосымша білім керек», - дейді Сайран қажы.

Оның сөзіне қарағанда, Моңғолия қазақтары 1940 жылдан кеңестік жүйе ыдырағанға дейін осындағы қазақтармен бірдей білім алып келген-ді. Ол кезде ортақ келісімге сәйкес, Моңғолиядағы мектептерге бүкіл оқулықтар Қазақстаннан жеткізілетін.

«1962-1972 жылдары мектепте оқыдым. Сонда 1-сыныптың әліппесінен бастап 10-сыныптың алгебрасына дейін Қазақстанның оқу бағдарламасы бойынша оқыдық. Қытай мен Түркиядағы, Иран мен Ауғанстандағы қазақтарға қарағанда біздің бір артықшылығымыз осы болатын. Өйткені, Моңғолия СССР-дың бір республикасы сияқты болып кеткен еді. Тоқсаныншы жылдардан бастап бұл байланыс күрт үзіліп тынды. Оқулықтың сыртында барлық баспа өнімдері келетін. «Балдырғаннан» бастап «Жұлдыз» журналына дейін алып оқитынбыз. Әлгі «Моңғолияда мал соңында жүре берсем, орта білім де алмас едім. Қазақстанға келіп көз аштық» деген әсіре мадақтар өтірік. Жеке өзім де менің замандастарым да «Балдырғанды» оқып өстік», - дейді дипломат.

Ол сөз арасында осы мектеп қабырғасында қазақ ұлттық аспаптар оркестрін құруды армандайтынын айтты.

«Қобыз, домбыра, сыбызғы сияқты аспаптар мен қазақ ән-күйлерінің жинағы қажет. Оның ноталары болса тіпті жақсы. Қобыздың сарыны мен күйдің күмбірін естіп өскен бала тамырдан ажырамайды. Қанша тілде сөйлесе де, жүрегі қазақша соғуы керек қой. Қазақтың классикалық әдебиетін, жетелі тарихын білуі тиіс. Мен бұл жерде «Шыңғыс хан біздің қазақ» деген тарихты айтып отырған жоқпын. Сарапталған, Алтын ордадан бергі баба тарихын жастар Қазақстан оқулықтарынан білсе екен деген ниет біздікі».


Өз елінде жүріп-ақ ұлттық ұстынын ұмытқандар бар

Kazakh International School-дың оқыту жүйесі де, әдіс-тәсілдері де заманауи бәсекеден кенде қалғысы келмейді. Құрылтайшысы 1-5 сыныптарға Монтессори жүйесін, 6-12 сыныптарға Кембридж жүйесін енгізбекші. Финляндия мен Жапония тәсілдеріне де назар ауып отыр.

«Ертең Қытайда немесе Ресейде, Түркияда немесе Иранда қазақ мектебі ашылса, біздің мектепті үлгі етіп алуы керек деп ойлаймын. Әрине, қолдың қысқалығы көп. Бірақ, бүкіл дүниені ақша шешпейді. Ақшасы болып та, шашып отырып та ештеңе шығара алмаған жайттарды көреміз кейде. Алғаш бастағанда мектепте 230 оқушы болған. Былтыр 530 бала болды. Биыл бірінші сыныпқа келген бөбектердің саны 50-ден асып отыр. Оларды екі сыныпқа бөліп оқытқалы жатыр. Мектептің жобалық сыйымдылығы 500 балаға арналғандықтан, қосымша ғимарат ашу қажет. Меткеп ақылы. О баста қайырымдылық қорының ақшасына салғандықтан, бүкіл түскен ақша мектепті жетілдіруге жұмсалады. Яғни коммерциялық мекеме емес. Мектептің жарғысына солай жазылған. Егер табысы өзінен артылып жатса, екінші бір мектеп салуымыз да мүмкін», - дейді Сайран Қадырұлы.

Айтуынша, мектеп аяқтан тұрған соң акциясын шығарып, 40-50 пайызын мұғалімдерге үлестіріп, қалғанын өз қорына қалдыру жоспарланған екен. 5 жылдың ішінде мектептің шығыны мен кірісі теңеліп қалған. Тоқтала кететін жайт, Моңғолияның Білім және ғылым министрлігі жеке мектепте оқығанымен, ондағы әр балаға ай сайын жалпыға міндетті білім шығынын бөліп отыр.

Сайран қажының айтысына қарағанда, Ұланбатырда да дәл осындай екінші мектеп салыныпты. Қазір менеджмент жағынан дайындық жасалып жатқан көрінеді. Бұнымен тоқтап қалмай, ары қарай Баян-Өлгейдегі 12 сұмынға (ауылдық округ-авт) бір-бір мектеп салу туралы да арман-жоспары бар. Ондағы мақсат - тек аймақтың түбіндегі ғана емес, ауылдағы балалар да жақсы білім алып, қалаған тілін меңгертіп шығару.

«Оған менің ғұмырым жете ме, оны білмеймін. Шәкірттерім жалғастырады деген үміт бар. Колледж немесе университет деңгейіне көтеру мақсаты да тұр. Моңғолиядағы қазақ саны статистика бойынша 130 мың. Бүгін-ертең толық көше қоймас. Оның үстіне екі жағымызда да қазақтар отыр. Бір жақта Алтай, Қосағаш қазақтары, тағы бір жағымызда Қытайдың Алтай өлкесінің қазақтары. Қазақ болып қалу үшін Қазақстанда ғана өмір сүру керек деген ереже жоқ. Өз елінде отырып та ұлттық ұстынын ұмытқандар жетерлік. Шетте жүріп те қазақ үшін қыруар іс тындырып жатқандар бар. Біздің мақсат - ат төбеліндей мұндағы қандастардың қазақ күйінде сақтау», - дейді дипломат ұстаз.




Соңғы жаңалықтар