Шетелдегі қазақтілді БАҚ-қа шолу: Құлжалық келіншектің арманы – «киіз үйге тіл бітіру»

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелде қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Құрт пен ірімшіктегі бақыттың дәмі - Тяньшаньнет

Қытайдың «Тяньшаньнет» ақпараттық порталында осындай тақырыппен мақала жарық көрді.

Шынжаңның Моңғолкүре ауданы, Қарасу қалашығы, Ақсай ауылы Муиыңтай мал өнімдерін өңдейтін кәсіптік кооперативінің цехында қыз-келіншектер қарбалас жұмыс істеп жүр. Олар қазақтың дәстүрлі тағамы болған құрт пен ірімшікті жасайды. Бұл өнімдерді жасауда алдымен сүттен айран ұйытып, іркіт дайындалады. Оларды ашытқаннан кейін мескейде (кәстрөлде) қайнатып, онан соң мақтадан жасалған дорбаға құйып, суын ағызып сорғытып, құрт жасайды. Жұмысшылар құрт пен ірімшіктің пішінін қазақи дағды бойынша қолмен дайындайды да жайып кептіреді.

Муиыңтай мал өнімдерін қайта өңдейтін кооператив 2015 жылы құрылған. Аталған орталық сүт өнімдерінен жасалатын қазақ ұлтының ғана дәстүрлі тағамдарын әзірлейді. Оның ішінде құрт-ірімшік, сары май, айран сынды өнімдер бар. Табиғи таза өнімдерді туристер ерекше ұнатып жейтіні жазылуда.

«Қазіргі уақытта кооперативте шамамен 20 адам жұмыс істейді. Жұмысшылардың көпшілігі жақын маңдағы ауыл тұрғындары», - делінген ақпарат көзінде.

«Киіз үйге тіл бітіремін»: құлжалық кестеші келіншектің арманы - Тяньшаньнет

ҚХР-дың Шынжаңның Іле қазақ автономиялы облысы, Құлжа қаласында «кестеші келіншек» атанған Жеңісгүл Нұрданақынның шеберханасы бар. Ол ұлттық киім-кешекті, киіз үй мәдениетін зерттеуге, жасауға және оны қоғамда насихаттауға атсалысуда. Аталған ақпарат көзінің дерегіне сүйенсек, Ж. Нұрданақының кестешілікпен айналысқанына биыл 22 жыл болған.

«Кестеші келіншектің» негізгі ұстанымы сауда істеуден гөрі, дәстүрлі мәдениетті дамыту, деп жазады қытайлық БАҚ.

Оның басты мақсаттарының бірі қазақтың киіз үйін заман талабына сай етіп, адамдардың пайдалануына қайта енгізу. Жеңісгүл киіз үйдің кейбір ішкі проблемаларын шешуге және оны танымал етуге талпынуда. Ол сол үшін дәстүрлі баспананың жаңа түрін зерттеу және әзірлеу үшін Ішкі Моңғол өлкесіндегі кәсіпорынмен келісімшарт жасасқан.

Жеңісгүл цифрлық нұсқалар арқылы киіз үйдің үлгілерін әлеуметтік желіге салып, қоғамға танымал болуына жол ашты. Өткен жылы жобалап жасаған биіктігі 10,2 метр, диаметрі 20 метр, жалпы ауданы 350 шаршы метрлік үлкен киіз үйі халықтың ерекше қызығушылығын тудырған.

Оның айтуынша, қазақтың кестешілік өнері ұлтымыздың мәйекті мәдениетінің бірі.

«Кестешілік, сырмақ тігу, басқұр тоқу - бұл апа-әжелерімізден бізге қалған ең құнды мұра. Алғаш кестешілік орталығын құрған кезден бастап, Іленің жер-жеріндегі қарт қолөнершілерге барып, тәжірибе жинадым. Қазір де осы ұлттық өнерімізді үйренгісі келетін жастардың барлығы олардан алған үлгілеріме таңғалады. Текес ауданындағы бір әжей кестешілік өнердің көптеген түлерін үйретті. Сол секілді қазақи колөнершілердің біразы өздерінде бар кесте бұйымдарын маған тапсырып берді. Тіпті, кейбіреулері көз жұмар алдында мені шақырып алып, ұлтымыздың осындай бекзат өнерін жақсы қорғауымды әрі жалғастыруымды өсиет етіп, айтып кетті. Сондықтан менің ендігі арманым – ұлттық мұрамыз - кестешілікті жан-жақты дамытып, киіз үйге тіл бітіру», - дейді ол.

Моңғолиядағы Елші Жалғас Әділбаев: Екі елдің ынтымақтастығын арттырудың мол мүмкіндігі бар

Осы аптада моңғолиялық kaznews.mn ақпараттық порталында Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жалғас Жұмаұлы Әділбаевтан алған сұхбатын ұсынған.

Жалғас Әділбаев бұл сұхбатында екі ел арасында қазіргі қарым-қатынастың жай-күйі туралы жан-жақты мағлұмат берген.

Атап айтар болсақ, ҚР Ешлісі Қазақстан мен Моңғолияның экономикалық саладағы қарым-қатынасы соңғы жылдары жақсы дамығанын тілге тиек етті.

«Бізден көбінесе ұн өнімдері, шылым, рапс тұқымы, майлы дақылдар тұқымымен қатар, кофе, шоколад өнімдері сияқты азық-түлік және көлік жабдықтары Моңғолияға экспортталуда. Ал Моңғолиядан Қазақстанға негізінен ет, ет өнімдері, пошта маркалары, құнды қағаздар, түбіт, кілем мен жүн өнімдері импортталады... Екі елдің табиғаты мен ауа райы ұқсас болғандықтан қыс мезгіліндегі қатты суық кезде де жұмыс істей алатын қоғамдық көліктерді енгізуімізге болады», - дейді Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі.

Сондай-ақ дипломат биылғы жылға жоспарланған екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі ресми сапарлар да барын айтты.

«...Биыл біздің елдің Үкімет басшысы А.Мамин сіздердің елдеріңізге келуді жоспарлауда. Моңғолияның бұқаралық ақпарат құралдарында Президент Х.Баттулга Қазақстанға барады деп жазылуда. Өзара екіжақты қатынастың маңыздылығына орай қазақстандық тарап осы жоспарланып отырған сапарға ерекше назар аударуда. Сондай-ақ биыл Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Моңғол үкіметаралық комиссияның VIII мәжілісін Ұланбатыр қаласында өткізуді жоспарлап отырмыз», - дейді қазақстандық елші сұхбатта.

Түркиядан Орталық Азияға жүк пойызы жолға шықты - TRT

Түркияда өндірілген экспорт тауарларын Әзербайжан, Қазақстан, Түрікменстан және Өзбекстанға жеткізетін пойыз Карстан Грузияға қарай жолға шықты, деп хабарлайды Түркия РадиоТелевизия порталы.

Ақпарат көзінің дерегіне сүйенсек, Түркияда өндірілген тауарларды Әзербайжан, Қазақстан, Түрікменстан және Өзбекстанға жеткізетін 940 метрлік пойыз 82 контейнерден тұрады.

«940 метрлік пойыз Баку-Тбилиси-Карс желісінде қазірге дейін жүрген ең ұзын пойыз болып саналады. Түркияның Карс қаласынан қозғалған пойыз алғашқы аялдамасы Грузияға қарай жолға шықты. Желі бойындағы елдерге жүк тастайтын пойыз тоғыз күннен кейін Өзбекстанға барып жетеді. Тоғыз күн ішінде барлық жүгін межелеріне жеткізетін болады», - деп жазады TRT.

Иран коронавирус жұқтырған науқастарға бөдене етінің сығындысын дайындауда - «Фарс» ақпарат агенттігі

Иран коронавирус жұқтырған науқастарға бөдене етінің сығындысын дайындап беруде, деп хабарлайды Рarstoday.

Иран коронавирустың таралуымен күресіп жатқан күндері халықтың ерікті топтары коронавирус жұқтырған науқастар мен оларды емдейтін дәрігерлер және медбикелер үшін күн сайын 500 бөдене етінің сығындысын дайындауда. Ирандық БАҚ-тың дерегінше, бөдене етінің сығындысы адамның иммунитетін күшейтуге көмектеседі екен.

ЮНЕСКО тізіміндегі Түркияның мәдени мұраларының саны 83-ке жетті - TRT

ЮНЕСКО тізіміне тағы 5 мәдени мұрамыз енді. 18 cәуірде Түркия Радио Телевизия порталында осындай тақырыпта ақпарат жарық көрді.

TRT-нің келтірген мәліметіне сүйенсек, ЮНЕСКО әлем мұралары тізіміне Түркияның тағы 5 нысанын енгізген. Осылайша, елдің мәдени мұраларының саны 83-ті құрады.

«Осылайша 2019 жылы тізімде 78 болған Түркияның мәдени мұрасы 83-ке жетті. Әлемдік мұралар тізіміне тіркелген мәдени мұралар Анкараның Бейпазары тарихи қаласы, Измир тарихи кемежай қаласы, Османиедегі Каратепе-Асланташ Археологиялық алаңы, Кайсерідегі Корамаз қойнауы және Диярбакырдағы Зерзеван қамалы мен Митреум ғибадатханасы», - деп жазады түркиялық БАҚ.

Коронавирус адамдардың психикалық денсаулығына ықпал етуі мүмкін - TRT

Психологтар жаңа типті коронавирус індетінің қазір және болашақта адамдардың психикалық денсаулығына «терең» әсер етуі мүмкін екені жөнінде ескертті, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

Аталған БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, мамандар COVID-19 індеті адамдардың психикалық денсаулығына кері ықпалына байланысты көлемді алдын алу жұмыстары жасалуы керек.

«Мамандар коронавирус індеті себеп болған жалғыздық пен әлеуметтік оқшаулану себепті адамдарда уайым-қайғы, депрессия, және өзіне қол жұмсау талпыныстары мөлшерінің бақылауға алынуы қажеттілігін де атап өтті. Кейбір елдердегі сауалнамалар індет себеп болған уайым мен жалғыздықтың қазірдің өзінде психикалық денсаулыққа нашар әсерін тигізгенін көрсетіп отыр. Осы кезеңде ашушаңдық пен уайымшылдық сияқты мазасыздықтан аулақ болу қажет. Ол үшін әркім өзі қызығатын нәрселермен айналысу, кітап оқу, фильм көру, үй жұмыстарын істеу сынды пайдалы әрекеттерге талпынуға тиіс. Сондай-ақ, спорттық қимылдар және кең тыныс алу сияқты әдістердің адамдардың денсаулығына пайдалы болатыны ұсыныс етілуде», деп мәлімдейді түркиялық БАҚ.

Өзбекстанда COVID-19 туралы деректі фильм түсірілмек - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

«Өзбеккино» ұлттық агенттігі Өзбекстан Республикасына коронавирустың кіріп келуі мен оның тарауының алдын алу жөніндегі іс-шаралар бағдарламасын дайындау бойынша арнайы комиссияның көмегімен COVID-19 туралы фильм түсіруді бастады, деп хабарлайды «ӨзА».

«Деректі фильм кинохроника түрінде түсірілмек. Онда COVID-19 атты қауіпті індеттің Өзбекстанда таралуы мен пандемиясына қарсы күресте үкіметтің қабылдаған шаралары, сондай-ақ вирус жұқтырған науқсатар үшін құрылған арнайы ауруханалар жайлы бейнелер таспаланады.Үкімет мүшелері, медицина қызметкерлері, сарапшылар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және індеттен сауыққан науқастармен сұхбаттарға кеңінен шолу жасалады», деп мәлімдейді өзбекстандық БАҚ.


Соңғы жаңалықтар