Шет елдердегі консулдық есепте 11 мыңнан астам Қазақстан азаматы тіркелген

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның шетелдердегі мекемелерінде консулдық есепте 11 мыңнан астам азамат тіркелген. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Сыртқы істер министрлігі Орталық сайлау комиссиясымен бірлесіп, шетелдегі ҚР азаматтарының конституциялық сайлау құқықтарын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдады. ҚР дипломатиялық өкілдіктері жанынан дүниежүзінің 53 мемлекетінде 66 сайлау учаскесі құрылды. Әлемнің әртүрлі елдері COVID-19 пандемиясына байланысты шекараны жабу, көлік қатынасын тоқтату, коменданттық сағат, локдаун және карантин сияқты шектеу шараларын енгізуіне қарамастан аталған барлық сайлау учаскелеріне бюллетень және басқа да сайлау атрибуттары уақытылы жеткізілді», - деді ол.

Оның атап өтуінше, сайлаушылар тізімдері сайлау учаскесінің аумағында тұрақты тұратын немесе ұзақ мерзім болатын Қазақстан Республикасы азаматтарын консулдық есепке алу деректерінің негізінде дайындалды.

ҚР шетелдердегі мекемелерінде консулдық есепте 11 мыңнан астам азамат тіркелген.

«Бұл ретте аталған азаматтардың бір бөлігі бірқатар ел тарапынан шетелдіктердің, оның ішінде оқуларын қашықтан оқып жүрген студенттердің кіруін шектеуге байланысты қазіргі кезде Қазақстанда екенін айта кеткен жөн. Мұнан басқа сайлаушылардың дауыс беруіне кейбір мемлекетте орын алған табиғи апаттар мен ел ішінде жүріп-тұруға енгізілген шектеулер де қиындық туғызуда. Консулдық есепке тұрған азаматтардың басым бөлігі Ресей, Түркия, Қытай, Чехия, Ұлыбритания, Өзбекстан, БАӘ және Қырғызстанда шоғырланған. Хорватия, Бразилия , Словакия, Таиланд, Индонезия, Түрікменстан, Үндістан, Израиль, Пәкістан және Омандағы сайлау учаскелерінде азаматтар аз тіркелген»,- деді Шахрат Нұрышев.


Соңғы жаңалықтар