Шекарашылар тапқан 5 гектар алқаптағы жабайы қарасора жойылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шекарашылар Алматы және Шығыс Қазақстан облысының аумағынан жабайы қарасора өскен алқаптарды тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ҰҚК ҚШ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Шонжы шекара отрядының «Текес» және Күршім шекара отрядының «Өрел» шекара заставаларының аумағынан шекарашылар жабайы қарасора алқаптарын тапты. Екі жерден анықталған алқаптың жалпы көлемі - 5 гектар. Осыған байланысты жергілікті атқарушы орган өкілдерінің қатысуымен өсімдік алқабы жойылды. 9 мың түп есірткі өсімдігінің жалпы салмағы 1,5 тоннадан асқан», делінген хабарламада.

Сондай-ақ, кеше сағат 22:00 шамасында Сарыағаш шекара отрядына қарасты «Ынтымақ» заставасында шекараның бұзылғаны жөнінде белгі келіп түскен.

Оқиға орнына аттанған топ Өзбекстаннан елімізге қарай жасырын өтпек болған екі өзбекстандықты ұстады. Олар күнкөріс қамымен жұмыс іздеуге шыққанын айтқан. Қазір құқық қорғау органдары осы іс бойынша тексеру жүргізіп жатыр.

Бұдан басқа, Қорғастағы шекарашылар Халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығынан қайтып келе жатқан 21 жастағы Қазақстан азаматынан салмағы 63 кг Қытайда шығарылған дәрі-дәрмек тәркіледі. Тәркіленген зат актіленіп Алтынкөл кеден бекетіне тапсырылды.

Соңғы жаңалықтар