Шекарашылар 7 млн медициналық масканы сыртқа шығармақ болғандарды ұстады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шекара бекеттерінде жолаушылар ағынының азайғанына қарамастан заң бұзушылықтар әлі де азаятын емес, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шекаралардың ашылып, бұрынғы жұмыс қалпының қайта оралу мәселесі кезең-кезеңімен шешіледі. Ол үшін алдымен кешенді талдау жұмыстары жүргізілуі керек. Бұл ретте негізгі үш көрсеткіш есепке алынады. Біріншіден, елде эпидемиологиялық ахуал жақсаруы керек. Екіншіден халықаралық әуе және теміржол қатынастары қалпына келтірілуі тиіс. Үшішіден қазақстандықтар баруға жоспарлаған елдің шекаралары ашылуы керек», - деді ҚР ҰҚК Шекара қызметі Шекаралық бақылау департаменті бастығының орынбасары полковник Олег Фисенко ОКҚ-дағы баспасөз мәслихатында.

Қазіргі таңда осындай жұмыс ретімен Түркиямен әуе қатынасы қалпына келтірілген. Оңтүстік Кореядан да рейстер орындалуда.

«Шекарашылар шектеу болса да, болмаса да ұйымдастырылған өткізу тәртібін сақтай отырып, жұмыс істеуге дайын. Өкінішке қарай пандемия кезінде де заңға қайшы әрекеттер тоқтайтын емес. Шекарашылар елден 7 миллион қорғаныш маскасын, 20 мың респиратор мен 3 мың қорғаныш киімін, 4 млн жұп медициналық қорғаныш қолғабын сыртқа шығару фактілерінің жолын кесті. Сонымен бірге жолаушылар ағынының азайғанына қарамастан бөтен және жалған құжат арқылы шекарадан өтуге тырысу жағдайлары да тоқтамай тұр. Заң бұзушылар автокөлікке жасырынып өтуге тырысады. Одан бөлек рұқсат етілмейтін заттарды тасымалдауға тырысу жағдайы да бар», - деді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ғани Ағаділов Қазақстан Төтенше жағдай кезінде де, кейін де мемлекетаралық жүк тасымалына ешқандай шектеу қойылмағанын хабарлаған еді.



Соңғы жаңалықтар