Шекарада тұрып қалған пойыздар: «Қазақстан темір жолы» экспорттаушылармен кездесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚТЖ» ҰК» АҚ жүк қозғалысы жөніндегі басқарма төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Оралхан Қулаковтың төрағалығымен Қазақстан-Қытай шекарасында ұзақ уақыт бойы жүгі тұрып қалған отандық экспорттаушылармен ZOOM-конференция болып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биылғы тамыз айының ортасынан бастап ҚХР Алашаңқай станциясы қызметкерлері арасында Covid-19 ауруының жаңа жағдайлары анықталғаннан кейін пойыздарды қабылдауды тәулігіне 18-ден 7-8 құрамға дейін төмендетті.

Қытай жағы тек контейнерлік пойыздарды шектеусіз қабылдайды.

Сонымен қатар, Қытай станциясында жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Бұл пойыздарды қабылдау мен өткізуді азайтып отыр.

Салдарынан жүктер бүлініп, қазақстандық экспорттаушылар шығынға ұшырап, қозғалыстан қалған пойыздар саны өсіп отыр.

26 қыркүйектегі жағдай бойынша Достық станциясы бағытында 106 пойыз немесе 5 300 вагон жолда тұрып қалған.

Бұл ретте қазақстандық теміржолшылар ҚХР-дан пойыздарды белгіленген мерзімде және көлемде қабылдауда.

«ҚХР жүк көлемі жоспарын шектемеуге келіседі, бірақ іс жүзінде жүк тек контейнерлерде қабылданады. Астық тасығыштарда және жабық вагондарда астық жүктерінің тұрып қалуы жағдайы ерекше алаңдаушылық туғызады. Біз түрлі ведомстволарға жүгіндік. Алайда технологиялық процесс кешіктіріліп жатыр», - деді Оралхан Кулаков.

Конференция барысында «ҚТЖ» ҰК» АҚ экспорттаушыларға жүктерді контейнерлерге белсенді тиеуді, жүкті Достық станциясынан Алтынкөл–Қорғас шекара өткеліне қайта бағдарлауды, басқа бағыттарға бағыттауды ұсынды.

Теміржолшылар сондай-ақ, мәселені бірлесіп шешу үшін бизнеске қытайлық алушылармен жүк тасымалдау мәселелерін қатарласа пысықтау қажет екенін түсіндірді.

Өз кезегінде жүк жөнелтушілер өз мәселелері туралы айтып, тыңдайтын жеріне жеткізді.

Атап айтқанда, экспорттаушылар ҚХР шекарасында вагондардың тұрып қалуына байланысты айыппұл санкциялары салынуы мүмкіндігі туралы сұрақтарын қойды.

Оралхан Кулаков жүк жөнелтуші проблемамен жалғыздан жалғыз қалмайтынына сендірді: «Сіздермен бірге біз ҚХР жүктерді қабылдамағанын, сондықтан да вагондар тұрып қалуда екендігін дәлелдейміз және растаймыз».

Конференция ұйымдастырушылары сендіргендей, экспорттаушылар мәселесі темір жол басшылығының ерекше бақылауында.

Кездесу соңында жүк жөнелтушілер әр сейсенбі сайын «ҚТЖ» ҰК» АҚ алаңында дәстүрлі қытайлық теміржолшылармен бейнеконференцбайланыс форматындағы өтетін кеңеске қатысуға шақырылды.


Соңғы жаңалықтар