Шегірткемен күрес шараларын мемлекет өз монополиясына алуы мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шегірткемен күрес шаралары қайтадан тұтастай мемлекеттің құзырына берілуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Алмабек Марс орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осындай мәлімет берді.

«Келешекте шегірткемен күрес шараларына мемлекеттік монополия енгізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, мемлекет есебінен күрес жүргізілетін зиянкестердің тізімі қайта қаралуы мүмкін. Мысалы, 2020 жылға дейін шалғын көбелегі осы тізімде болды да, оған қарсы дәрі жергілікті бюджеттердің есебінен себіліп келді. 2020 жылы шалғын көбелегіне қарсы дәрілеу жұмыстарын субсидиялау туралы норма шықты. Екі жыл өтіп үлгермей жатып ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен «Атамекен» ҰКП бұрынғы жүйені қайтаруды сұрап жатыр», – деді инспекция басшысы.

Сондай-ақ, ол қырыққабат көбелегінен келетін қауіптің көбеюі мүмкін екенін атап өтті.

«Осыған байланысты оны да бюджет есебінен күрес жүргізілетін зиянкестер қатарына енгізу жоспарда бар. Қазақстанға жыл сайын сырттан 25 мың тонна пестицид әкелінеді. Сол пестицидтерді қолдану ережесін өзгерту ұсынылып отыр. Пестицид құйылған әрбір канистраға QR-код орнатылуы мүмкін. Сонда олардың жылжу бағыттарын бақылап отыруға болады. Бұл пестицид сапасының сақталуын және босаған ыдыстың экологиялық зиян келтірмеуін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, фитосанитариялық есептерді цифрландыру қолға алынбақшы», - деді Алмабек Марс.

Оның айтуынша, биыл шегірткеге қарсы күреске 2,5 млрд теңге жұмсалады .


Соңғы жаңалықтар