Шавхат Өтемісов Орталық сайлау комиссиясының мүшесі болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенаттың жалпы отырысында Шавхат Өтемісов ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Конституциялық нормаларға сәйкес, Орталық сайлау комиссиясы мүшесі қызметіне кандидатураны палата төрағасы ұсынады.

«Осы құқықты пайдалана отырып, Орталық сайлау комиссиясы мүшесі қызметіне Шавхат Өтемісовтің кандидатурасын ұсынамын. Шавхат Әнесұлы еңбек жолын ауылдық мектептік мұғалімінен бастап, аудан әкімі, облыс әкімінің орынбасары болып қызмет атқарды. Ұзақ жылдар Мәжіліс депутаты болып, заң шығару ісіне белсенді атсалысты. Осыған дейін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі аппаратының басшысы болып жұмыс істеп келді. Оның біліктілігі мен мемлекеттік қызметте және Парламентте жинаған мол тәжірибесі Орталық сайлау комиссиясының жұмысына тың серпін береді деп сенемін», - деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Осы орайда шешім ашық дауыс беру арқылы қабылданып, палата депутаттары бұл шешімге қолдау білдірді.

Айта кетейік, Шавхат Өтемісов 1963 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 1985 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын, 2000 жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясын тәмамдаған .


Соңғы жаңалықтар