Шашбау, шолпы, ер-тұрман: Маңғыстауда тұтас бір әулет зергерлік өнермен айналысады

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының Бейнеу ауылында тұратын Өміровтер әулеті атадан балаға мирас болған қазақ халқының дәстүрлі зергерлік өнерімен айналысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде зейнет жасына шыққан отағасы Өтепқали Өміров - алтын мен күмістен түрлі зергерлік бұйымдарды соғу өнерін, мүсін, көркемсурет және сөз өнерін насихаттап келеді.

Жұбайы Айнахан Есетова - журналист, ақын-жазушы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі.

Өтепқали зергерлік саланы кәсіп ретінде ғана емес, кәсіби түрде меңгеріп, ұлдары Төлеген мен Төремұратқа және кенжесі Гүлкенжеге атадан балаға жалғасқан өнердің тізбегін үзбей үйретіп келеді.

Артынан ерген ұл-қыздары - Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлектері.

Бейнеудегі шағын шеберханада әкесі мен ұлдары әртүрлі нақышта зергерлік бұйымдар соқса, кенже қызы қазақтың көркем тоқымасымен айналысады.

Қазақылық сақталса, сол жерде қазақ зергерлік өнеріне сұраныс бар деген қағиданы ұстанатын зергерлер шеберханасында шашбау, шолпы, сырғадан бастап ер-тұрман, қамшы, асатаяқ, кәдесыйға арналған дүниелерге дейін жасалады.

Зергердің айтуынша, табатын табысы берілген тапсырысқа байланысты болғандықтан өнімнің сапасына, жасалу уақытына, композициясына аса мән беріледі.

«Мәселен, бір ғана күмістен жасалатын технологиясы ең қарапайым сақиналарды үш күнде жасап шығарсақ, өрнектері қиын, композициялық тұрғыдан тұтынушының талабымен шешілген бұйымдар бір айдан астам уақытта дайын болады. Жұмыс барысында маңғыстаулық зергерлік өнердің ерекшелігінің бірі - сіркелеу және зерлеуге басымдық беремін», - дейді зергер.

Өзіндік құпиясы және әдістерімен ерекшеленетін «ӨМІR JEWELRY» белгісімен танымал шеберлерден құралған отбасының мақсаты - саф өнерді одан әрі дамытып, әлемдік сұранысқа ие болатын бұйымдар жасау.


Соңғы жаңалықтар