Шапан киіп жүру ұят па? - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарында жарық көретін мерзімді баспасөзге шолу ұсынады.

Ескі мешіттің құпиясы – «Сыр бойы» газеті


«Іргелі ауылдың нақ ортасындағы ескі мешіт жақсыдан қалған қимас белгі. Күні кешеге дейін мешіттің бір бөлігінде Ыбырай көкемнің отбасы (атақты әнші, марқұм Мәдина Ералиеваның туған нағашысы) тұрды. Кескін-келбеті Сталинге ұқсайтын сұсты жүзді Ыбырай атамыз он саусағынан өнер саулаған ісмер, керемет ағаш ұстасы болатын. Ел ішінде көкеміз дайындаған киіз үйлерге сұраныс жоғары еді. Өзі пайдаланып жүрген «Зингер» тігін машинасын Ыбырай ата соғыс жылдарында майданнан әкелсе керек. Мешіттің тағы бір бөлігінде жұмбақ тағдырлы Аққу атты ананың қоныстанғаны есімде қалыпты» деп басталады газеттегі мақала.

Әңгіме негізінен осы мешіттің төңірегінде өрбиді. Автор ауыл ортасындағы ескі мешіттің иесі Ерлепес ишан екенін әңгімелеп, колмен жазылған деректерді алға тартады. Естігендерін, білгендерін тізбектей отырып, автор Ерпелес ишанның тегі, оның өмірі туралы қызықтарды айтып, аңызға орын береді. Мешіттің салыну жайын сөз етеді.

«Жолаушыларға арнап мешіттің бір бөлмесіне қамыстан өріп, дайындаған дойра аталатын төсек төсеп қояды екен. «Халқым сусамасын»деп мешіттің жанынан шыңырау құдық қаздырыпты. Ақиректен түйеге теңдеп тас әкелдіріп, құдыққа өргізіп, шегендетіпті. Суы айнымасын деп арша ағашын пайдаланыпты. Осылайша халқының ризашылығына бөленіпті. Ертеректе мешіттің жанында тұрған отбасының ауласында жүзім сыңсып тұратын».

Тағдыр тәлкегімен Ерпелес ишан Өзбекстанға кетіп, сол жақта алаңсыз өмір сүріпті.

Шапан киіп жүру ұят па?– «Жетісу» газеті


Мақалаға өзек болған бұл мәселе бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Талай айтылды, бірақ сахнадағы әртістерден ғана көріп, жылына бір рет келетін Наурыз мерекесінде бірен-саран егде адамдар киітен қазақ шапанында кие қалды ма?!

«Қазіргі таңда шапан тек құдалықта киіт кигізгенге, мерейтойларда той иесінің иығына жапқанға ғана жарамды болып қалды. Ең болмағанда Наурыз мерекесі, Ораза айт, Құрбан айт күндері қалпақ, шапанымызды неге киіп шықпасқа? Әлде ұлттық киімдеріміз киюге ыңғайсыз тігілген бе? Ана жылы бір азамат қалпақ сыйға тартты. Әлгі ақ қалпақ елік ауыз болып қисықтау тігілген екен. Анда-санда киіп шыққанда қайта-қайта түзетіп, киген құрлы болмадым. Міне, осындай дұрыс жасалмаған дүние де ұлттық киім киюге деген құлшынысымызды азайтары анық. Бұл да қазақтың ұлттық киіміне жүрдім-бардым қарап, қолдан-қолға өте беретін бұйым ретінде қалай болса солай жасала салатынының бір дәлелі болса керек» деп жазады автор.

Мақалада шапанның шенеуніктер бастап кисе деген ой де айтылады. Шапанды үйлесімді кию жағын сөз етеді.

Қандай ет жеп жүрсіз?... – «Оңтүстік Қазақстан» газеті


Мвақала негізінен базардағы ет бағасынан басталады. Жазуынша, соңғы кездері баға шіркін бағынбай барады. Бүгін бес теңгеге алған затыңыз ертең он теңгеден сатылады. Осыны меңзеген мақала авторы ет төңірегіндегі сауда-саттыққа назар аударыпты. Алдымен автордың нысанына ет бағасына қатысты мәселе ілігеді. Етсіз қазақтың күні қараң екенін алға тартып, осы жағын мемлекеттік реттеу туралы пікір айтылады. Сосын сол бағасы удай болып тұрған еттің сапасына да көңіл бөледі.

«Ветеринарияда еттің сапасын ұшаларды өңдеу технологиясы арқылы анықтайды. Ал, еттің балғындығын органолептикалық жолмен және физико-химиялық, микробиологиялық зерттеу әдісімен белгілейді. Осы талаптар әлі де өз дәрежесінде жүргізілмей келе жатқанына талас болмаса керек. Иә, осыдан ширек ғасыр бұрын мәселе көтергеніміздей, еттің кез келген бұрышта сатылып жатуы нағыз бетімен кетушілік. «Сақтықта қорлық жоқ», «Ауру – астан» деп білетін халық ет сапасына әрдайым қырағы болуы тиіс».

Еліне пана болған би Қазанғап – «Сарыарқа самалы» газеті


«1840 жылдар Ресей империясының ұлан-ғайыр қазақ даласының шүйгін, шұрайлы жерлерін өз қолына қаратып, жергілікті қазақтарды тықсырып, қысымын күшейткен уақыт еді. Дәл осы алмағайып кезеңде ел арасынан ерлігі мен ақылы сай, батылдығы мен дипломатиялық қасиеті үйлескен ірі қайраткерлер бой көрсетті. Олар халықтың мүддесін ту етіп көтеріп, патша ағзамның алдында мәселесін шешіп беруге бар абыройын, беделін, ерік-жігерін арнады. Сондай ірі мемлекеттік тұлға, кезінде Ертіс бойының шұрайлы жерлерін сібір казактарының ен жайлауынан алып, мал баққан қазақ жұртына қайтаруға көмектескен Қазанғап би Сатыбалдыұлы туралы жиі әңгіме етуіміз парыз» деп жазады «Сарыарқа самалы» газеті.

Мақалада бидің өмір жолы, қызметі, соған қатысты деректері келтіріледі. Оның игіліктері үшін халықтың Қазанғапқа «Би майор» деген атақ бергені, орыс деректемелерінде Қазанғап Сатыбалдыұлының болмысын айқындайтын «парасатты, адал, шыншыл азамат» деген мәліметтер бар екендігі айтылады. Автордың жазуынша, Қазанғап Сатыбалдыұлы орысша тілге жетік, өз ойын дәлелмен жеткізе айта алатын, ісі де, сөзі де мірдің оғындай азамат болған екен. Ол тіпті патшаның билік өкілдерімен тілмашсыз-ақ еркін сөйлесіпті. Мақалада бұған дәлелдер де алға тартылады. Сонымен қатар, Қазанғап Сатыбалдыұлының ел басқарудағы қайраткерлігі әңгімеленіп, тарихи деректер сараланады.

«Мысалы, Қазанғап Сатыбалдыұлы 1843 жылы дуанбасы болған соң қызметін дуанға мешіт салдырудан бастаған. Оған молда ретінде татар Ғабдулғафар есімді азаматты тағайындаған. Осы молдамен бірге еріп келген Рамазан деген татар жігітін Қазанғап қолынан ұстап, сауда-саттығын жүргізетін көмекші еткен. Ол қамқоршысының тапсырмасы бойынша бүкіл Сібірді, Ірбіт, басқа да ірі жәрмеңкелерді аралап, сауда-саттық жүргізген».

Айта кетерлігі, 1856 жылы Қазанғап Сатыбалдыұлы қайтыс болғаннан кейін көмекшісі болған Рамазан Қызылжар, Омбы қалаларынан күйдірілген қызыл кірпіштер мен ақ мәрмәр тастар алғызып, басына ақ күмбезді кесене тұрғызған екен. Кесене ішінде Қазанғап бидің еңбектері жөнінде ақ мәрмәр тастан жазылған қабірүсті ескерткіш орнатқан. Өкінішке қарай, күмбез бүгінгі күнге дейін сақталмады. Кеңес үкіметі кезінде Қазанғап би кесенесі бұзылып, кірпіштері ауылдағы фермаларға жұмсалған.

Халық арасында сақталған аңызда Қазанғап өткір тілді, шындықты тура айтатын шешен адам болған дейді. Сондықтан бұл жөнінде: «Шоң би сөйлегенде, қара арғымақты суға батырады, ал Қазанғап сөйлесе, сол арғымақты судан алып шығады» дейді екен. Мысалы, Абайдың әкесі, 1849-1852 жылдары Қарқаралы округін басқарған Құнанбай Өскенбайұлы Қазанғап Сатыбалдыұлының үйіне жиі тоқтап, сыйлы қонағы, сырлас жолдасы болған.

«Құнанбай Бөжеймен арыздасып (қағаздасып), Бөжейдің арызы бойынша, Омбыға шақырылып, жолда Қазанғапқа сәлем бере кетейін деп келсе, палау бастырып, шай береді. Жолдан қарны ашып келген Құнанбай ас иесінен бұрын палауды асап жібереді де, бұл ісінің ерсілігін біліп: - Қазеке, алыңыз, - дейді. Сонда Қазанғап: - Соқыр қаздай қақшиып қағып салдың, ендігі иба-әдебің өзіңе. Осы қалыпта қақшиып алып, қаға бер. Бұйырғаны бізге де жетер, - деп әзілдепті. Құнанбай бұл сөзді көңіліне алып өкпелеп, ертең аттанбақ болады. Бірақ күн тұман екен. Қазекең: - Жат, екі-үш күн тынық, - деп жабысса, Құнанбай болмапты. Сонда Қазанғап: Тұман түбі - жұт, Тұмау түбі - құрт, Закон түбі - сот, Соттың түбі - шорт. Бөжеймен айтыспа, араздаспа; жеңсең, өзіңді жеңесің; жеңілсең, өн-бойыңа мін-қарғыс таңба болады, - деп, ағалық ақылын айтқан екен»...

Сауатты «жазшиш»- «Ortalyq Qazaqstan» газеті


Облыстық газет тілшісі шұрайлы тіліміздің шырайын қашыратын жайттарды мысалға алып, мақала жазыпты. Автор тілбұзарлардың бірен-саран емес, көпшілікке айналып бара жатқанын, әсіресе жастар жағынан осыған желігетіндер көп екенін айтады. Олардың сөз саптауындағы салтқа айналып бара жатқан тіркестерді алға тартады.

«...қаракөз қарындастарымыз ұялы телефонмен сөйлесе қалса, «это, не ғой», «патамушта, білесің бе?», «знаешь, мен де солай ойлағам ғой» деген сияқты паразит тіркестерді жиі қолданғанын көзіміз көріп, құлағымыз шалып жүр. Не қазақша, не орысша емес. Тіліңізді тістейсіз де қоясыз…»...

Мұнымен қоса, тіл білімінен мақұрым қалғандарды да сынай өтеді. Сауатты жазудың сауатты сөйлеуді қалыптастыратынын айтады. «Расымен, ана тіліміздегі «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» (Абай) төл сөздердің қадірін қашырмайық, ағайын. Сауатты жазайық, жақындарымызға да ой салайық…» депті ол.


Соңғы жаңалықтар