Шалқар көлінің табанын тазарту жұмысы мерзімінен бұрын бітуі мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысындағы Шалқар көлінің табанын тазарту жұмыстары жыл аяғына дейін аяқталуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтты.

«Шалқар көлінің проблемасы – оңды шешімін тапқан мәселе. 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы келіп, мәселені түбегейлі шешу туралы тапсырма берген болатын. Осыған байланысты Үкімет қолдау көрсетіп, былтыр жергілікті бюджет есебінен жобалау-сметалық жұмыстарын өткізгенбіз. Биылдан бастап Үкімет тарапынан 3 млрд теңгедей қаражат бөлініп, осы жұмысқа кірістік. Көлдің табанын тазарту, оның су айдынын қалпына келтіру жобасы негізі екі жылға жоспарланған. Бірақ біз мердігерге ұсыныс жасап едік, жыл аяғына дейін жұмысты бітіруге уәдесін алып отырмыз. Келер жылы көктемде су тасыған уақытта біраз су жинап аламыз деген үмітіміз бар», - деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы өңірдегі басты экологилық проблемалардң қала шешіліп жатқанына тоқталды.

«Экология мәселесі Ақтөбе өңірінде бір күнде емес, біраз уақыттан бері қалыптастқан. Қалдықтар сақтайтын полигонға келсек, 60 гектар көлемі бар, 25 жылға жоспарланған полигон бұл. 2007 жылы салынған, жобалық қуаты бойынша 2032 жылы толуы керек еді. Бірақ қаланың өсуі соншама қарқынды болғандықтан, қазірдің өзінде толып кетті. Қазіргі таңда жекешелендіру процестеріне байланысты бұрынғы коммуналдық мекемелер жоқ. Оның орнына мәселені түбегейлі шешу үшін мердігерлердің алдына талап қойдық. Оның үстіне РОП оператордың күшімен мыңдаған қоқыс жинайтын құралдар алдырып жатырмыз. Полигонның құрылысы биыл 1 қазанда аяқталады деген жоспар бар. Жыл аяғына дейін осы мәселе шешіледі», - деді Оңдасын Оразалин.

Конференция барысында өңір басшысы ақтөбеліктер қолқаны қапқан жағымсыз иістен қашан құтылатынын айтты.

«Иіске келетін болсақ, кәріздердің бәрі әбден тозған. Жобалау жұмысын дайындап бергенбіз. Өкінішке қарай, қаржыландыру мәселесі толық шешілмеген. Дегенмен, химиялық қосындылардың, бактериялардың күшімен сол иісті азайту шараларын қолданып жүрміз. Бұл мәселе әлі де өзекті екені рас. Оның үстіне қалада үлкен өндіріс орындары орналасқандықтан, олардың түтіні, басқа да ауаға шығаратын қалдықтары бар, соның зардабын шегіп келе жатырмыз. Бұл мәселе Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің тікелей бақылауымен жүргізіліп жатыр. Министр Мағзұм Маратұлы бірнеше рет өзі келіп, сол мекеме басшыларымен кездесіп, жол картасына қол қойып, жұмыс басталып кетті. Жаңа да айттым, бұл бір күнде пайда болған мәселе емес. Бұл жерде алтывалентті хром сияқты тарихи қалдықтар да бар. Технологияның бәрін жаңа талаптарға сәйкестендіру керек. Ол да - бір күндік жұмыс емес. Кәсіпорын 2-3 жыл уақыт сұрап отыр. Қазір жұмыс басталған», - деді облыс басшысы.


Соңғы жаңалықтар