Шалғай ауылдарда 20 мыңнан астам оқушы штаттық режимде оқып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин карантиндегі білім беру жағдайлары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2020 жылдың 6 сәуірінен бастап, барлық орта білім беру ұйымдарында оқушылар қашықтан оқытыла бастады. Республика бойынша 7 337 мектепте 3,3 млн оқушы білім алады. Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 1 сәуірдегі № 123 бұйрығымен төртінші тоқсандағы білім беру процесінің негізгі бағыттары анықталды және сабақ өткізу бойынша ұсынымдар берілген», - деп жазды Премьер-Министр депутаттық сауалға берген жауабында.

Оның айтуынша, БАҚ, интернет-ресурстар және әлеуметтік желілер арқылы оқытудың жаңа тәсілдерін түсіндіру жұмыстары жүйелі негізде жүргізіліп келеді, ол үшін арнайы сall-центр іске қосылған.

Қашықтан оқыту келесі бағыттар бойынша жүргізіледі:

- Теледидар арқылы 1 млн астам оқушы білім алуда. Бейнесабақ трансляциясы қазақ және орыс тілдерінде «Балапан» мен «Ел Арна» телеарналарында көрсетеді. Ол үшін 3 мыңнан астам телесабақ түсірілген.

- Интернет-платформаларды 2,4 млн оқушы пайдаланады. Daryn.online, Bilimal.kz, i-mektep.kz, mektep.kz интернет-ресурстарында қазақ-орыс тілдерінде бейнесабақтар қолжетімді. «KKKundelik.kz», «BBBilimal.kz», «MMMektep.kz» электронды журналдары арқылы кері байланыс жасауға болады.

- «KAZPOST» қызметтері арқылы: «Қазпошта» арқылы тапсырмалар мен қосымша материалдар мектебі мен интернеті жоқ елдімекендерде тұратын 1666 оқушыға жіберіледі.

- Радиоарна арқылы: «QAZAQ RADIOSY» толқынында радиосабақтар оқылады.

Сонымен бірге, А. Мамин шалғай ауылдардағы мектептің қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанын жеткізді.

«Шамамен 5-80 аралығында оқушысы бар шалғайдағы 433 мектепте 20 690 бала дәстүрлі түрде білім алып жатыр. Онда барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормалар сақталады, ауысым, желдету, кварцтеу мен дезинфекциялау жұмыстары жүргізіледі», - дейді Премьер-Министр.

Соңғы жаңалықтар