Шағын және орта бизнесті жеңілдікпен кредиттеуге 600 млрд теңге бөлінді – Ұлттық банк

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ұлттық банк ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын әзірледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Короновирус пандемиясына және оның Қазақстан экономикасына теріс ықпалына байланысты төтенше жағдай нәтижесінде зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін, дара кәсіпкерлерді қолдауға арналған Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Ұлттық банк ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын әзірледі.

«Аталған бағдарламаны іске асыру үшін екінші деңгейдегі банктерде негізделген салымдарды орналастыру арқылы 600 млрд теңге бөлінді. Бизнесті қолдау тетігі екінші деңгейдегі банктердің төтенше жағдайдың енгізілуі нәтижесінде зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне, дара кәсіпкерлерге 12 айға дейінгі мерзіммен жылдық 8%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша айналым қаражатын толықтыруға жеңілдікпен кредиттер беруі арқылы іске асырылады. Екінші деңгейдегі банктердің қаражатты игеру мерзімі 3 ай», делінген Ұлттық банк таратқан хабарламада.

Жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасының операторы болып Ұлттық банк жанындағы «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ айқындалды, сондай-ақ активтер сапасын тәуелсіз бағалаудан (Asset Quality Reviews) өткен және портфелінде шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне берілген қарыздары бар 13 қатысушы банк белгіленді.

«Бағдарламаға қатысушы банктердің бөлінген қаражатты мемлекеттік және мемлекеттік емес бағалы қағаздарды сатып алуға, басқа банктердегі депозиттерге орналастыруға, шетел валютасын сатып алуға пайдалануына және өзге мақсатқа сай пайдаланбауына тыйым салынады.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ-пен бірлесіп кәсіпкерлерге берілген жеңілдікті кредиттердің уақтылы және нысаналы пайдаланылуына ай сайынғы негізде мониторинг жүргізетін болады», делінген хабарламада.

Ұлттық банкі бөлінген қаражаттың соңғы қарыз алушыға жеткізілуі бойынша барлық қажетті шараларды қабылдайтын болады.


Соңғы жаңалықтар