Шағын және орта бизнес субъектілеріне қолдау көрсету жалғасуда – Мәдина Әбілқасымова

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шағын және орта бизнес субъектілеріне кредит төлемін жеңілдетілген тәртіппен кейінге қалдыру не оны қайта құрылымдау түрінде қолдау көрсетіліп отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы экономиканың зардап шеккен секторларында шағын және орта бизнестің барлық қолданыстағы кредиттері бойынша пайыздық ставкаларды жылдық 6 пайызға дейін мемлекеттік субсидиялау арқылы шағын және орта бизнес субъектілеріне қосымша көмек көрсетуді тапсырды. Экономикадағы дағдарысты жағдайларда агенттіктің басым міндеті – аталған субъектілерді қаржыландыруға қолдау көрсету және кредиттік ресурстарға қолжетімділіктің төмендеуіне жол бермеу. Шағын және орта бизнес субъектілерінің қаржылық орнықтылығы және төлем қабілеттілігі қаржы ұйымдарының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін маңызды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша төтенше жағдай кезеңінде бұл субъектілердің кредиттер және микрокредиттер бойынша төлемдер мерзімі кейінге қалдырылды. Осы жылғы 16 наурыз бен 15 маусым аралығында 12 455 субъектінің төлем мерзімі кейінге қалдырылды, бұл кредит алушы субъектілердің жалпы санынан 41,5 пайызды құрайды. Кредиттер бойынша мерзімі кейінге қалдырылған төлемдер сомасы 164,8 млрд теңге болды», - дейді ол.

Агенттік төрайымының атап өтуінше, қазіргі уақытта шағын және орта бизнес субъектілеріне кредиттер бойынша төлемдерді жеңілдетілген тәртіппен кейінге қалдыру не оларды қайта құрылымдау түрінде қолдау көрсету жалғасуда.

Осы жылғы 16 маусым мен 1 қыркүйек аралығында 25 млрд теңге сомаға 3,3 мыңнан жоғары кредит бойынша мерзімін кейінге қалдыру мақұлданды, 669 кредит алушының кредиттері қайта қаржыландырылды.

«Осы жылғы 1 шілдеде шамамен 30 мың субъектінің 3,9 трлн теңге сомаға екінші деңгейдегі банкте кредиттері бар. Оның ішінде 11 мыңға жуық субъект кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларының жеңілдік талаптарымен кредиттер алды. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы аясында айналым капиталын толықтыруға 387 млрд теңге сомаға 3 308 кредит берілді. Қалған кредит алушылар «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламаларымен қамтылған», - дейді Мәдина Әбілқасымова.


Соңғы жаңалықтар