Шағын кәсіпкерлік субъектілерін енді онлайн тіркеуге болады
2022 жылғы 19 мамыр 21:14

Шағын кәсіпкерлік субъектілерін енді онлайн тіркеуге болады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Енді шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғалар, филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу үшін Электронды үкімет веб-порталында хабарлама толтыру ғана қажет, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалының директоры Абдурасул Кулдашовтың айтуынша, ЖШС ашу үшін жаңа іс бастаған кәсіпкерге жарғы қажет емес, тіркеу жарнасын төлеудің немесе салық органына барудың да қажеті жоқ.

«Тек компьютер мен Электрондық цифрлық қолтаңбасы болса жеткілікті. Еgov.kz сайтында ЖШС тіркеу нұсқауларын орындаса, жарты сағатқа жетпей нәтижесі шығады», - деді ол.

Сондай-ақ спикер егер бәрі дұрыс болса, жүйе ақпаратты өңдеп, ЖШС-ның тіркелгендігі жайлы анықтаманы 30 минутта (максимум) беретінін, егер портал жақсы жұмыс істесе, анықтама 10 минутта дайын болатынын атап өтті.

«Осылайша мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесі egov.kz порталындағы жеке кабинетте әрдайым қолжетімді және тіркелгенін растайтын құжаттарды алу үшін Мемлекеттік корпорацияға жүгінудің қажеті жоқ», - деді ол.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Алматы қаласы бойынша филиалының мәліметінше, жыл басынан бері Алматы қаласы бойынша тіркелген 4390 заңды тұлғаның 4232-і онлайн тіркелген. Тек 158-і ХҚКО-ларға келіп өтініш берген. Ал, қайта тіркеуге өтініш берген 3061 заңды тұлғаның 2907-і онлайн, 154-і ХҚКО арқылы өтініш берген.

Айта кетейік, мемлекеттік қызметтердің 96%-ын ХҚКО-ға келмей-ақ, eGov мобильдік қосымшасы, Egovkzbot2.0 Telegram-бот және Egov.kz. электрондық үкімет порталы арқылы аулға болады.


Jańalyqtar

MURAǴAT