Серік Ақсұңқарұлы, ақын: Ереуілшілер мен содырларды шатастырып алмау керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздің барлық дерлік өңірлеріндегі, әсіресе Алматыдағы жағдай жағаны ұстатты. Қазір жағдай тұрақталған секілді. Дегенмен, осы оқиғаларға қатысты іс-шаралар барысында шұғыл әрекет еткенде ереуілшілер мен басбұзар содырларды шатастырып алмау керек. Танымал ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлы осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Оқиға қалай басталып еді? 2 қаңтар күні сұйытылған газ бағасының күрт қымбаттауына байланысты Жаңаөзен қаласының тұрғындары ереуілге шықты. Іле-шала көптеген өңірлер ереуілшілерді қолдады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың басшылығында мемлекеттік комиссия құрылып, ол комиссия Маңғыстауда жергілікті белсенділермен келіссөз барысында ымыраға келді. Сұйытылған газ бағасы 50 теңгеге дейін төмендетілді. Осылайша, ереуілшілер талабын Президент қолдады. Мәселе осымен бітуі тиіс еді, алайда Алматы, Тараз, Шымкент қалалары мен тағы басқа да өңірлерде бейбіт шеру аяғы содырлық әрекет пен арандатуға ұласып кетті», - дейді С. Ақсұңқарұлы.

Оның айтуынша, Президенттің пәрменді шешімінің арқасында ғана терроризммен күрес белсенді еңсеріліп жатыр. «Елдігіміздің іргесін шайқалтуға тырысқандарды аямай жазалау керек. Мұндай сәтте бүкіл зайырлы мемлекеттер өз халқын, елін қарумен қорғайды. Осы ретте, Мемлекет басшысының Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан көмек сұрағанын дұрыс деп есептеймін. Терроризммен күрес бір ғана мемлекеттің ісі емес, әлем елдерінің ортақ мәселесі. Еліміз жуық арада бұл қиындықтарды жеңеді деп ойлаймын. Дегенмен, назар аударатын бір мәселе: әсіресе шұғыл әрекет ету, кейіннен баға беру немесе жазалау сәті келгенде ереуілшілер мен содырларды шатастырмау керек», дейді С.Ақсұңқарұлы.


Соңғы жаңалықтар