Сенімхат арқылы сату көлік иесін салықтық міндеттемелерден босатпайды – комитет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Азамат Садықов азаматтардан кейінгі кезде көлік құралдарына қатысты көптеп түскен шағымдарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жеке тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салық туралы кейінгі кезде сұрақ көп туындап жатыр. Салық төлеушілер тарапынан әлеуметтік желілерде бұл жайды біліп отырмыз. Қазіргі уақытта салық органдарына көлік құралдары бойынша өздеріне салық төлеуі керектігі жөніндегі хабарлама алған азаматтар жүгінуде. Олардан түскен мәліметтерді, түскен өтініндерді міндетті түрде талдаймыз», - деді Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Азамат Садықов тікелей эфирде сөйлеген сөзінде.

Жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижесі көбінде көліктерін 5 немесе одан да көп жыл бұрын сатып жіберген азаматтардан түсіп жатқанын көрсеткен.

«Әкімшілік полиция комитетінің мәліметтерімен бұл сұрақтар бойынша ақпараттарды салыстырдық. Ақыры уәкілетті органдарда сол азаматтардың атында көліктің бары туралы мәлімет барын білдік. Кезінде сатып жіберген көлік шынында да сол сатқан азаматтардың атында тұрған болып шықты», - деді ол.

Азамат Садықовтың айтуынша көп жағдайда жүгініп жатқан азаматтар бір кездері көлігін сенімхат арқылы сатқан.

«Сенімхат арқылы көлікті беру – меншікке беру ретінде саналмайтынын ескеру керек. Сол сатылған көлік құралы бойынша салық төлейтін азамат – бір кездері сол көлікті сатқан адам болып шығады. Себебі оның көлік құралын ешкім есептен шығармаған. Сенімхат әлбетте, аталмыш көлік құралын басқа адамға жүргізуге құқық береді. Бірақ меншік құқығын бермейді. Яғни сенімхат арқылы көлікті тапсыру – көлік иесін салықтық міндеттемелерден босатпайды. Салық төлеушілерге айтарымыз: сенімхат арқылы берілген көлікті уәкілетті органға барып, есептен шығару керек», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар