Сенатта балалар құқығын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Дүниежүзілік балалар күні қарсаңында Сенатта балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі қызметті заңнамалық тұрғыдан реттеу, кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еліміздің Президенті Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында сөйлеген сөзінде қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендетуге арналған отбасындағы тәрбие, білім және мәдениет мәселелері қамтылуы тиіс кешенді шаралар қабылдау қажет екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VII сайланған Парламенттің I сессиясының ашылуында балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге ерекше назар аударды және тиімді тетіктер жасау арқылы кәмелетке толмағандар арасындағы суицид пен буллингтің алдын алуда мемлекеттік бақылауды күшейту қажеттігіне тоқталған болатын.

Бүгінгі таңда Қазақстанда отбасы мен балалардың мүддесі, олардың құқықтарын қорғау мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуне басымдық берілген берік нормативтік база қалыптасып отыр.

Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков дөңгелек үстел отырысын аша келіп, соңғы жылдары балаларды асырап алу тетіктерін жетілдіруге, өмірде қиын жағдайға тап болған балалы отбасыларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін дамытуға бағытталған заңдар қабылданғанын атап өтті.

«Сонымен қатар кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық тиіспеу жөніндегі қылмыстар үшін жауапкершілікті қатаңдатуды және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған шаралар тиімділігін арттыруды көздейтін ережелер қабылданды. Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау заңнамалық деңгейде бекітілді», - деп атап өтті сенатор.

Дегенмен, дөңгелек үстелге қатысушылардың айтуынша, балаларды және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі қабылданып жатқан шараларға қарамастан, кәмелетке толмағандарға қарсы, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық желілер арқылы жасалатын қылмыстар біздің қоғамымыздағы әлеуметтік маңызды проблемалардың бірі болып табылады.

2021 жылдың 10 айында кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс саны 10,6%-ға өсіп, 1 873-ті құрады. Осы кезеңнің нәтижелеріне талдау жасалғанда кәмелетке толмағандарға тиісу жөнінде барлығы 849 қылмыс тіркеліп, жыныстық қатынасқа қатысты жасалған қылмыстардың 5,7%-ға жуық өскенін көрсетіп отыр.

Ішкі істер министрінің орынбасары Мұрат Баймұқашев өз сөзінде мұндай қылмыстар көбінесе жасырын, бұлдыр сипатқа ие екенін және олардың алдын алу қиын екенін атап өтті, өйткені олардың әрбір екіншісі полицияның кіруі қиын тұрғын үйлерде жасалады.

«Бұған әлеуметтік өмірдің виртуалдануы да ықпал етеді», - деді ол.

ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Артур ван Дизен онлайн-ортадағы балалардың қауіпсіздігі тақырыбына назар аударып, интернет кеңістігі балалар өміріндегі аса маңызды мәселеге айналғанын атап өтті.

Ол сондай-ақ Қазақстандағы балалық шақты қорғау жүйесінің институционалдық негізін нығайтудың, оның ішінде бала құқықтарын қорғауға қатысты нақты мемлекеттік саясатты айқындаудың маңызын атап өтті.

Дөңгелек үстелге қатысушылар кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде алдын алу шараларын күшейту қажеттігін және бұл ретте мемлекеттік тетіктердің рөлі ғана емес, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдарды, тәуелсіз құқық қорғау институттарын, сондай-ақ ата-аналар мен балалардың өздерін тарту маңызды екенін атап өтті.

Сенат депутаты Ләззат Сүлеймен заң шығару бағытында қолданыстағы құқықтық нормаларды мұқият талдау, заңнамаға түзетулерді қабылдаудың мән-маңызы, қабылданатын нормативтік өзгерістердің салдарын бағалау және мониторинг жүргізуге тура келетініне назар аударды.

«Біз балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың ақыл-ой денсаулығы мен дамуын қорғау, суицидтің алдын алу және кәмелетке толмағандар арасындағы буллингтің алдын алу бойынша тиімді тетік жасау жөніндегі дәйекті қадамдарды іске асыруда ортақ күш-жігерімізді біріктіруге және заңнамалық әрі ұйымдастыру тұрғысыдан барлық тиісті шешімдерді қабылдауға міндеттіміз», - деп атап өтті сенатор.

Шараға ішкі істер, білім және ғылым министрліктерінің, Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілдері, балалар омбудсмені және Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қатысты. Ол өз сөзінде балалардың заңға қайшы келетін проблемаларына тоқтала келіп, сенаторларға оларға қатысты заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар топтамасымен жұмыс істеуді ұсынды.

«Кәмелетке толмағандарға қатысты алдын ала қорытынды жасаудың баламасын дамыту аса маңызды. Кәмелетке толмағандарға қатысты сотқа дейінгі пробация оқуда, жұмысқа орналасуда, оқу орнына түсуде, медициналық көмек ұйымдастыруда, тұрмыстық мәселелерді шешуде, ата-аналармен және басқалармен қарым-қатынаста әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетуді көздейді», - деп атап өтті омбудсмен.

Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин балалар омбудсменінің мәртебесін бекітетін және қызметін реттейтін заңды әзірлеу әрі қабылдау қажеттігі туралы мәселе көтерді.

«Бүгінде Қазақстандағы ахуал Бала құқықтары жөніндегі уәкілге аппараты болуын және қызметкерлер штатымен жеке институтын құруды талап етеді, өйткені азаматтар өтініштерінің ауқымды ағымынан басқа, еліміздегі балалардың құқықтарын қамтамасыз ету үшін жүйелі проблемалар бойынша орасан зор жұмыс атқару қажет. Сондықтан, менің нық сенімім бойынша, енді Қазақстан осы институтты нақты жұмыс істеуге мүмкіндіктер беретін және тиісті тетіктермен қамтамасыз ететін жеке заң әзірлеуі тиіс», - деп атап өтті Аружан Саин.

Дөңгелек үстелге әкімдердің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарлары мен барлық облыстар мәслихаттарының хатшылары онлайн байланысы бойынша қосылды.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша балаларды заңсыз тиісуден қорғауға және құқық бұзушылықтың, оның ішінде киберкеңістіктегі құқық бұзудың алдын алуға бағытталған мемлекеттік органдарға арналған бірқатар ұсынымдар әзірленді.

Дөңгелек үстел отырысын Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті, Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті, сондай-ақ Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубы ұйымдастырды.


Соңғы жаңалықтар