Сенатта азаматтық қоғам мен медиасаланы дамыту мәселелері талқыланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен Палата жанындағы Жас сарапшылар клубының кезекті отырысы өтті. Алтыншы рет ұйымдастырылып отырған отырыста қатысушылар азаматтық қоғамның даму үрдісі мен еліміздегі медиа саласының болашағы туралы сөз қозғады, деп хабарлайды жоғарғы палатаның баспасөз қызметі.

Кездесуге Қазақстанның Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Клуб мүшелері және арнайы шақырылған сарапшылар қатысты.

Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың азаматтық және саяси саладағы негізгі бастамасы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы екенін атап өтті. Сондай-ақ осы тұжырымдама аясында билік пен қоғамның тұрақты диалогын жолға қоюға және мемлекетті басқаруға азаматтық қоғамның қатысуын арттыруға арналған жүйелі реформалар қолға алынғанына назар аударды.

Сенат Спикері қазіргі таңда елімізде қоғамдық-саяси салада кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқан реформалар жалғасып отырғанын айтты. Бұл жұмыстарға ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған басымдықтар тың серпін берді.

«Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында маңызды міндеттер белгіленді. Біріншіден, Президентіміз ауылдық жерлерде азаматтық бастамаларды қолдаудың тиімді тетігін әзірлеуді міндет етіп қойды. Екіншіден, Мемлекет басшысы депутат мандатын бөлу кезінде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квотаны міндетті түрде ескеру туралы норманы заңмен бекітуді тапсырды. Үшіншіден, Президентіміз, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға да квота белгілеу керектігін айтты. Мұндай қадамдар халықтың әртүрлі топтарының азаматтық құқықтарын ескеретін инклюзивті қоғам құруға ықпал етері сөзсіз» , – деді Сенат Төрағасы.

Клуб отырысында талқыланған маңызды мәселелердің бірі медиа саласына қатысты болды. Мәулен Әшімбаев пандемия кезеңінде медиакоммуникацияның ерекше рөл атқарғанын тілге тиек етті.

«Пандемия кезеңінде нақты мәліметтер мен тексерілген ақпараттардың тапшылығы байқалды. Сондықтан адамдар ақпарат көздеріне мұқият мән беріп, беделді медиаларға ғана басымдық берді. Бұдан сапалы жаңалықтар тарататын журналистика пайда көрді. Нәтижесінде, әлемнің жетекші ақпарат құралдарының оқырмандары көбейіп қана қоймай, олардың ақылы жазылымдары да арта түскен» , – деді Палата Төрағасы.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, мұндай үрдістің кері әсері де байқалған. Белгісіздік пен ресми ақпарат көздеріне деген сенімсіздік фейк-ньюсдердің және әртүрлі конспирологиялық теориялардың көбеюіне әкеліп соқтырған.

«Қазіргідей ақпараттар ағынында адасып қалмау үшін адамға ақ пен қараны ажырататын арнайы білім керек. Бұл ретте жаңа заман адамы үшін медиасауаттылықтың маңызы зор екені сөзсіз. Меніңше, осы трендті ескеріп, Қазақстанда әлемге ғылыми көзқарас қалыптастыратын салалық журналистиканы дамытуға және ғылымды дәріптейтін қоғамдық пікірдің көшбасшыларын дайындауға көңіл бөлген жөн. Бұл медиа саласының сапасын арттыруға мүмкіндік береді» , – деді Мәулен Әшімбаев.

Жас сарапшылар клубының басқосуында қатысушылар қоғамдық жоба ретінде Талдау мектебін құруды ұсынды. Мәулен Әшімбаев мұндай Мектепте тыңдаушылар талдау мәтіндері мен зерттеу әдіснамасын жазу сияқты қолданбалы тәсілдерді, деректер базасымен жұмыс істеуді, мемлекеттік басқаруда, халықаралық қатынастар мен дипломатияда қолданылатын аналитикалық әдістерді меңгеруге мүмкіндік алатынын атап өтті. Дәріс оқу және тренингтер өткізу үшін белгілі қазақстандық сарапшылар мен зерттеушілерді шақыру жоспарланып отыр.

«Шын мәнінде, қазір көп салада талдау тәсілдерінің әлсірегені байқалады. Мұндай үрдіс, әсіресе, мемлекеттік басқаруда айтарлықтай мәселе тудырып отыр. Себебі, бұл саладағы шешімдер салмақты талдаулар мен зерттеулер негізінде қабылдануы керек. Өкінішке қарай, қазір көптеген шешімдер қалыптасқан жағдайға байланысты, туындаған қиындықтарға жауап ретінде ғана қабылданады. Клубтың алдыңғы отырыстарының бірінде мен мұндай жағдай әлемдегі гуманитарлық білімнің дағдарысымен байланысты екенін айтқан едім. Осы ретте Клуб мүшелерінің қоғамдық Талдау мектебін құру туралы ұсынысын өзекті және уақтылы деп есептеймін. Алдағы уақытта еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының бірінің гуманитарлық факультетімен ынтымақтаса жұмыс істеу мүмкіндігі қарастырылуда. Осы ретте Мектеп жұмысына қолдау көрсетуге дайын екенімді де айтқым келеді» , – деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыс барысында қатысушылар азаматтық қоғамды және медиасфераны дамытуға қатысты өз ойларын білдіріп, пікірлерімен бөлісті. Саясаттану саласындағы PhD Жұлдызай Ысқақова Қазақстандағы саяси институттарға деген қоғамдық сенім динамикасының зерттеу нәтижелерін жариялады. Өз кезегінде құқықтану саласындағы PhD Мүсілім Хасенов азаматтардың ақпарат алу құқықтарының іске асырылуы және олардың мемлекет істерін басқаруға қатысуы туралы сөз қозғады. Саяси шолушы Ғазиз Әбішев Қазақстандағы блогосфера мен әлеуметтік желілерді заңнамалық реттеуге қатысты ойын білдірді. Еуразиялық интеграция институтының сарапшысы Никита Шаталов аналитикалық журналистиканы дамыту және медиа нарықты реттеудің жаңа тәсілдері туралы ұсыныстарын жеткізді.

Отырысты қорытындылаған Мәулен Әшімбаев сарапшылар айтқан ұсыныстар мен пікірлер Парламент жұмысында ескерілетінін айтып, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің де назарына алынатынына сенім білдірді.


Соңғы жаңалықтар