Сенатта ашаршылық туралы деректер жинағының төртінші және бесінші томы таныстырылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Сенатта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жарық көрген «Ашаршылық. Голод. 1928-1934 Деректі хроника» атты кітабының төртінші және бесінші томы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, биыл мамыр айында Сенатта аталған еңбектің үш томдық жинағы таныстырылған еді.

«Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып келеді. Президент былтыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы бастама көтерді. Соның аясында Мемлекеттік комиссия құрылып, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бірінен қымбат» атты мақаласында өткен ғасырдың басындағы қасіретті кезең – ашаршылыққа да тоқталып өткені белгілі. Қасым-Жомарт Кемелұлы зобалаң жылдарды жан-жақты зерттеу, ашаршылық құрбандарының санын нақтылау, тарихи құжаттарды жинақтап, оларды мұқият зерделеу керек екенін айтқан еді. Осыған орай Сенат өздеріңізбен бірлесіп, бұл бағытта біраз жұмыс атқарды. Атап айтқанда, биыл ақпан айында осы тақырыпқа арналған «дөңгелек үстел» отырысын өткіздік. Оған осы жерде отырған көпшілігіңіз қатысып, ұсыныстарыңыз бен пікірлеріңізді білдірдіңіздер. Әсіресе, архив материалдарын зерттеу және аштықтың зардабын тартқан куәгерлердің естеліктерін жинақтау жөнінде ұтымды ойлар айтылды», - деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Осы орайда ол сол іс-шараның нақты нәтижесі ретінде биыл Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Деректі хроника» атты құжаттар жинағының үш томы жарық көргенін еске салды. Президент тапсырмасы аясында шығарылған үш томдыққа ашаршылыққа қатысты 1928-1934 жылдар аралығындағы тарихи құжаттар мен деректер жинақталған. Олар еліміздің басына түскен алапат қасіреттің тарагедиялық салдары туралы мәліметтерді қамтиды. Құжаттар еліміздің орталық және өңірлік архивтерінен алынды. Басқа мемлекеттердің архивтерінде сақталған деректер де кітапқа енгізілді.

«Соның арқасында бұрын қолға түсіру қиын болып келген немесе бұған дейін тіпті жарияланбаған бірқатар тың мәліметтер мен құжаттар көпшілік үшін қолжетімді болды. Аталған еңбекті тарихшылар, зиялы қауым өкілдері жақсы қабылдап, жылы лебіздерін білдірді. Осы көптомдық сол нәубет жылдарға қатысты шынайы тарихи көзқарас қалыптастыратын құнды еңбек болып саналатыны сөзсіз», - деді Сенат спикері.

«Бүгін сол жинақтардың жалғасы, яғни төртінші және бесінші томының тұсаукесеріне жиналып отырмыз. Еңбектің төртінші томында қазақ ауылдарын күштеп ұжымдастыру, тәркілеу саясатына қатысты халықтың наразылығын көрсететін маңызды материалдар жинақталған. Ал бесінші томда куәгерлердің естеліктері қамтылды. Бұл томның негізін ашаршылықтың зардабын тартқан ақындар мен жазушылардың, ғалымдардың, қоғам қайраткерлерінің бастан кешкен оқиғалары құрайды. Сондай-ақ олардың әулеттері, туған туыстары және замандастарының тағдары жайындағы жазбалары да бар», - деді Мәулен Әшімбаев.


Соңғы жаңалықтар