Сенаторлар ұлттық қауіпсіздік органдарының жұмысын жетілдіру мәселелерін талқылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР ҰҚК мен ҰҚК Академиясы басшылығының қатысуымен Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысы онлайн форматта өтті. Отырыс «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік органдары – 30 жыл тәуелсіздік күзетінде» тақырыбында өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сенаттың бейінді комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед кездесуді аша отырып, ұлттық қауіпсіздік жүйесін және арнайы қызметтердің тиімді қызметін қамтамасыз ету жөніндегі заңнамалық базаны қалыптастыру мен одан әрі жетілдіру процесі тәуелсіздік алған алғашқы күндерден басталғанын, сондай-ақ бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқанын атап өтті.

«Соңғы бірнеше жыл ішінде қарсы барлау қызметінің құқықтық негіздерін айқындауға, терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл жүйесін жетілдіруге, , сондай-ақ басқа да мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар заңдар қабылданды», - деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Сенат баспасөз қызметінің мәліметінше, депутаттар ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары генерал-майор Марат Қалқабаевтың баяндамасын тыңдады. Ол Парламент депутаттарының қолдауымен «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар қабылданып, олар елдің ұлттық қауіпсіздік органдарының жүйесін жаңа деңгейге шығарғанын атап өтті.

ҰҚК Академиясының бастығы Таңат Жүнісов сенаторларды кәсіби, білікті мамандарды даярлауды мақсат еткен оқу орнының миссиясы туралы айтып берді, сондай-ақ болашақта Академия ұлттық қауіпсіздік органдарының білім беру, оқу-әдістемелік және ғылыми орталығы болатын корпоративтік көпбейінді жоғары оқу орнына айналатынын жеткізді.

«Тәжірибеге бағытталған оқу процесін қамтамасыз ету мақсатында біз модульдік оқытудың өзіндік технологиясын енгіздік. Оның негізі ретінде болашақ жұмыс туралы жүйелі түсінік қалыптастыратын қарсы барлау процесі алынып отыр», - деді ҰҚК Академиясының бастығы.

Отырыс барысында осы саладағы құқықтық базаны одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар айтылды.


Соңғы жаңалықтар