Сенаторлар сайлау туралы заң жобаларын қарайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті.

Онда депутаттар 2021 жылғы 20 мамырда өтетін Сенат отырысының күн тәртібін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Палата отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңның жобасын қарайды.

Бұл құжат Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленіп жатыр. Заң жобасы аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлау жүйесін енгізуді көздейді. Құжаттағы жаңа нормалар сайлау кезінде саяси партиялардың өту шегін де төмендетеді.

Заң қабылданғаннан кейін саяси партияларға депутаттық корпустан орын алу үшін сайлаушылардың 5 пайыз даусын жинаса жеткілікті болады. Одан бөлек, барлық деңгейдегі сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген жазу қосылады.

Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да Сенат отырысының күн тәртібіне шығарылды.

Бұл заң жобасы негізінен жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтуды, жергілікті халықтың өз конституциялық құқықтарын пайдалану кезіндегі белсенділігін арттыруды және саяси партиялардың рөлі мен жауапкершілігін күшейтуді мақсат тұтады.

Алдағы отырыста сенаторлар «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да қарайды.

Бұдан басқа, Бюро отырысында Мемлекет басшысының экономикалық және саяси бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бойынша Президент тапсырмаларының орындалу барысы туралы ақпарат тыңдалды.

Сондай-ақ, отырыс кезінде Сенаттың тұрақты Комитеттерінің төрағалары депутаттардың өңірлерге жасаған сапарларының қорытындылары туралы баяндады және Мәжілістен келіп түскен заң жобалары Комитеттерге бөлініп берілді.


Соңғы жаңалықтар