Сенаторлар полицияның сервистік моделін кеңейту мәселелерін талқылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары Ішкі істер министрлігіне барып, полицияның сервистік моделін кеңейту мәселелері бойынша кездесу өткізді, деп хабарлайды жоғары палатаның баспасөз қызметі.

Іс-шараға Президент Әкімшілігінің өкілі Алексей Калайчиди, ІІМ басшылығы, онлайн-режимде мәслихат хатшылары, өңірлердегі полиция департаменттерінің басшылары және облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Кездесуді ашқан аталған Комитеттің төрағасы Владимир Волков бұл іс-шара ішкі істер органдарын реформалау аясында жүргізілген бірлескен жұмыстардың лайықты жалғасы екенін айтты. Келесі қадам – полицияның сервистік моделін кеңейту. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында дәл осындай міндет жүктеді.

Сондай-ақ, сенаторлар мен кездесуге қатысушылар ішкі істер органдары жүйесін реформалау бойынша қабылданған шараларға тоқталып өтті. Бұл –салаға қатысы жоқ бірқатар қызметтен босату, учаскелік инспекторлардың мәртебесін арттыру, олардың техникалық жарақтандырылуын жақсарту және тағы басқалары. Сонымен бірге депутаттар осы саладағы өзекті мәселелерге де назар аударды.

«Учаскелік инспекторлар мен олардың көмекшілерінің қызметін штаттық тұрғыдан нығайтудың маңызы зор. Ішкі істер министрлігінің тиісті нормасына сай болу үшін әлі 3 мыңға жуық учаскелік инспектор қажет екенін білеміз. Бұл олқылықтың орнын ішкі резервтерді қайта бөлу арқылы толтыруға болады. Алайда, жергілікті атқарушы органдар мен мәслихаттар тарапынан қаржылай көмек қажет» , – деді Владимир Волков.

Одан бөлек, депутаттар жаңа учаскелік полиция пунктерін салу қажеттігін де тілге тиек етті. Бұл «қолжетімді полиция» қағидатын қамтамасыз ету үшін маңызды. Сенаторлар бұл істе кейбір облыстарда оң нәтижелердің бар екенін айтып, жетілдіретін тұстардың да аз емесіне көңіл бөлді. Таяуда ашылуға тиіс 78 учаскелік полиция пунктінің 27-сі ғана жұмыс істеп тұр. Осыған байланысты сенаторлар мәслихаттар мен әкімдіктерді аталған бағытта белсенділік танытуға шақырды.

Кездесу барысында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев сөз сөйледі. Ол ведомствоның полицияның сервистік моделін кеңейту бойынша атқарған жұмысы туралы айтып берді.


Соңғы жаңалықтар