Сенаторлар коронавирустың таралуына жол бермеу мәселесін көтерді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенаторлар коронавирустың таралуына жол бермеу мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Шанхай ынтымақтастық ұйымының экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі конвенциясын ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.

«Конвенцияға Шанхай ынтымақтастық ұйымы мемлекеттері басшыларының кеңесінде 2017 жылғы 9 маусымда Астана қаласында қол қойылған болатын.

Конвенцияның міндеті ШЫҰ-на мүше мемлекеттердің алдын алу қызметі, экстремизмге қарсы бірлескен іс-қимыл, құқықтық көмек көрсету, сондай-ақ тараптардың заңнамаларын біріздендіруге ықпал ету саласындағы өзара іс-қимыл тетіктерін бекіту болып табылады», делінген хабарламада.

Сотталғандарды ұстап беру және құқықтық көмек көрсету мәселелері реттеледі, конвенцияда қамтылатын қылмыстардың ең болмаса біреуін жасау нәтижесінде алынған жеке немесе заңды тұлғаның мүлкін, сондай-ақ қылмыс жасау қарулары немесе құралдары ретінде немесе осы конвенцияда қамтылатын іс-әрекеттердің бірін қаржыландыру үшін пайдалануға арналған мүлікті тұтқындау және тәркілеу кезіндегі мемлекеттердің ынтымақтастығы туралы ереже бекітіледі.

Конвенцияда жәрдем сұратуға, олардың нысандарына, жіберу тәртібіне қойылатын талаптар белгіленген. Ақпараттық өзара іс-қимыл сапасын арттыру мақсатында конвенцияда кідіртілмейтін жағдайларда сұрау салуды ауызша беру мүмкіндігі, бірақ 72 сағаттан кешіктірмей сұрау салуды жазбаша растай отырып беру мүмкіндігі туралы ереже қамтылған.

Сенатор Нұржан Нұрсипатов қаралып отырған конвенцияның негізгі мақсаты – қатысушы мемлекеттердің экстремизмге қарсы іс-қимыл ынтымақтастығының тиімділігін арттыру екенін атап өтті. Экстремизмнің аумақтық шекарасы жоқ екені және халықаралық қоғамдастық өзара әріптестік іс-қимыл аясында бірлескен күш-жігермен экстремизм мен оның қауіпті көріністеріне тиімді қарсы тұра алатыны айтылды.

Оның айтуынша, конвенцияда ынтымақтастықтың қағидалары мен сипаттары, сондай-ақ тараптардың осы халықаралық шартта қамтылған қылмыстарға қатысты юрисдикциясы айқындалады.

Сенаторлар «Тұншықтыратын, улы немесе басқа да осыларға ұқсас газдар мен бактериологиялық құралдарды соғыста қолдануға тыйым салу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын да қарады.

Заң жобасы 1925 жылғы 17 маусымда Женевада қол қойылған Тұншықтыратын, улы немесе басқа да осыларға ұқсас газдар мен бактериологиялық құралдарды соғыста қолдануға тыйым салу туралы хаттаманы ратификациялауды көздейді.

«Хаттаманың мақсаты – тұншықтыратын, улы немесе басқа да осыларға ұқсас газдарды, сол сияқты әртүрлі осыған ұқсас сұйықтықтарды, заттарды және процестерді, сондай-ақ бактериологиялық соғысты жүргізу құралдарын соғыста қолдануға тыйым салуды белгілеу болып табылады.

Қазақстанның Бактериологиялық және химиялық соғысты жүргізу құралдарына тыйым салуда жалпыға бірдей саясатты қалыптастыру жөніндегі хаттамаға қатысушы мемлекеттермен ынтымақтастықта хаттаманың маңызы зор», делінген хабарламада.

Хаттаманың міндеті химиялық қаруды қолдануға тыйым салуды растау және бактериологиялық құралдарды соғыста қолдануға тыйым салуды халықаралық құқықтағы негізгі ереже ретінде белгілеу болып табылады.

Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Дана Нұржігітова Қазақстанның химиялық және биологиялық қауіпсіздікке байланысты халықаралық құқықтық міндеттемелерді толық тануы хаттаманы ратификациялау екенін атап өтті және «біздің еліміздің жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау саласындағы сындарлы саясатын растауға қызмет етеді», - деді.

Комитет мүшелері хаттаманы қарау барысында коронавирустың Қазақстан аумағына таралуына жол бермеу және ҚХР-дағы, оның ішінде Ухань қаласындағы қазақстандық студенттерге көмек көрсету жөніндегі мемлекеттік органдар қабылдаған шаралар туралы мәселелерді көтерді.

Заң жобалары Палатаның қарауына берілді.


Соңғы жаңалықтар