Сенаторлар Байқоңыр тұрғындарының шығындарын төмендетуге негізделген құжатты талқылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында «ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін газбен жабдықтау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Байқоңыр» кешенін газбен жабдықтау туралы келісім 2019 жылғы сәуірде жасалды.

«Келісім тұтынушыларды сұйытылған мұнай газынан табиғи газға көшіруді көздейді. Келісімге сәйкес, табиғи газға қала аумағында және «Байқоңыр» ғарыш айлағында ресейлік салық органдарына тіркелместен өткізу құқығы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ға беріледі. Бұл қосарлы салық салуға жол бермейді. «ҚазТрансГаз Аймақ» пен «Байқоңыр» қаласы тұтынушылары арасындағы газды бөлшек саудада сату шарттары Қазақстан заңнамасына сәйкес жасалатын болады. Бұл аталған шарттарды жасасу кезінде заңнаманы қазақстандық немесе ресейлік қолдануға қатысты даулы мәселелерді болдырмауға мүмкіндік береді», - деді Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов.

Оның сөзіне қарағанда, келісімде Байқоңыр қаласының аумағында табиғи газды бөлшек саудада өткізу бағасы Қызылорда облысының газ тұтынушылары үшін Қазақстанның монополияға қарсы органы белгілейтін бағаға сәйкес келуі тиіс деп бекітілген.

«Бүгінде Байқоңыр қаласында 328 көппәтерлі тұрғын үй, 45 жеке тұрғын үй газға қосылды, сондай-ақ үш балабақша, бес жалпы білім беретін мектеп және көп салалы аурухана табиғи газ жүйесімен қамтылған», - деді вице-министр.

Айта кетейік, Байқоңыр қаласында бір айда ас әзірлеу үшін бір пәтер орташа есеппен сұйытылған газ үшін 2856 теңге сомасында төлеген. Бүгінде табиғи газды пайдалану кезінде осындай мөлшердегі газ үшін тұрғындар 186 теңге төлеуде. Бұл сұйытылған мұнай газынан 15 есе төмен.

Осы келісім тұрғындар үшін коммуналдық қызмет шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Себебі сұйытылған газға қарағанда, табиғи газдың құны айтарлықтай арзан.

Соңғы жаңалықтар