Сенатор Атырау облысындағы жол құрылысын аяқтау мерзімін көрсетуді талап етті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Атырау облысындағы жолдардың жай-күйі туралы сенатор Ғұмар Дүйсембаев Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл өңірде Атырау-Орал және Мұқыр-Құлсары автожолдарын қайта жаңарту жоспарланған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін 24 мың шақырым республикалық жол жаңартылады. Республикалық маңызы бар автожолдардың облыстағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі небәрі 66%-ды құрайды, ал республика бойынша орташа көрсеткіш – 88% болып отыр. Айта кету керек, соңғы жылдары өңірдің жол-көлік оқиғаларының статистикасы мәз емес. Егер 2016-2017 жылдары 65 жол-көлік оқиғасы орын алса, 2018-2019 жылдары бұл көрсеткіш 111 болды, онда 209 адам жарақат алып, 59 адам қайтыс болды», - дейді ол депутаттық сауалында.

Сенатор сондай-ақ сауалда Атырау-Орал автожолындағы өту қарқыны тәулігіне 7 мың автомобильді құрайтыны айтылғанымен, бұл жолдың қазіргі талап көрсеткіштеріне сәйкес келмейтінін жеткізді.

«2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында осы мақсаттарға 4,4 млрд теңге мөлшерінде қаражат көзделген. 1 шақырым автожолды қайта жаңартудың болжамды құны 400-600 млн теңгені құрайды. Ал құрылыстың нормативтік ұзақтығы 3 жыл. Көрсетілген қаражат пен белгіленген мерзімде ұзындығы 487 шақырым жолды қайта жаңғырту жұмыстарының табысты болғанына күмән туады», - деп атап өтті Ғ.Дүйсембаев.

Сенатор қаржыландыру көздерін және осы жолды қайта жаңартуды аяқтау мерзімдерін көрсетуді талап етті. Ғұмар Дүйсембаев сонымен қатар қатты жабыны мүлде жоқ Мұқыр-Құлсары жолының нашар жағдайы алаңдататынын жеткізді.

«Мемлекеттік бағдарламада қаржыландыру көзі көрсетілмеген. Үкімет жоғарыда аталған жобаларды қаржыландыру көздерін анықтау және оларды уақтылы аяқтау жөнінде қажетті шаралар қабылдауы қажет», - деді депутат.


Соңғы жаңалықтар