Сенат Үндістан мен Пәкістанның ШЫҰ оқу-жаттығуына қатысуға мүміндік беретін хаттаманы ратификациялады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенатта «Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы бірлескен әскери оқу-жаттығулар өткізу туралы келісімге толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаралып отырған заң жобасы Шанхай ынтымақтастық ұйымына жаңадан кірген мемлекеттің бірлескен әскери оқу-жаттығулар өткізу туралы Келісіміне қосылуын, осы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Хаттаманы қабылдау арқылы қамтамасыз етуге бағытталған. Хаттаманың мақсаты Шанхай ынтымақтастық ұйымының барлық мүше мемлекеттеріне толық құқықтық жағдай жасауды қамтамасыз ету болып табылады. Атап айтқанда 2017 жылдан бастап ұйымының құқылы мүше мемлекеттері Үндістан мен Пәкістан болды. Осы хаттаманы ратификациялау оларға ұйым мүшелерінің территорияларында өтетін бірлескен әскери оқу-жаттығуларына, бірлескен әскери антитеррорлық жаттығуларына қатысуға мүмкіндік береді», - деді Сенаттың жалпы отырысында баяндама жасаған сенатор Талғат Мұсабаев.

Оның айтуынша, Хаттаманы ратификациялаудан күтілетін нәтиже - бірлескен әскери оқу-жаттығуларды өткізу географиясын кеңейту мүмкіндігі.

Келісім аясында Ұйымға мүше мемлекеттердің аумағында 2 жылда 1 рет кезекпен террорға қарсы бағыттағы («Бейбіт миссия») бірлескен әскери оқу-жаттығулар өткізіледі. Мұндай оқу-жаттығуларды өткізу қарулы күштердің кәсіби дағдылары мен жауынгерлік даярлығын арттыруға және олардың арасында өзара іс-қимыл мәселелерін пысықтауға ықпал етеді.


Соңғы жаңалықтар