Сенат туристік қызметті ынталандыруға бағытталған заңды қабылдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заң жобасының негізгі мақсаты - реттеуші құралдарды оңтайландыру, туристік саланы мемлекеттік қолдау шараларын айқындау, сондай-ақ көшпелі туризмнің қызметін реттеу арқылы ішкі және келу туризмін дамытуды ынталандыру бойынша құқықтық жағдайлар жасау. Заң жобасын қабылдау туристік саладағы мемлекеттік реттеуді одан әрі жетілдіруге, туристік қызмет саласындағы заңнаманың сапасын арттыруға және инвестициялар тарту тетігі арқылы туристік саланы дамытуға мүмкіндік береді. Заң жобасы бойынша Сенаттың тұрақты комитеттерінен ескертулер мен ұсыныстар түскен жоқ», - деді сенатор Динар Нөкетаева аталған құжатты екінші оқылымда қарау барасында.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, бүгін қабылданған заң осы бағытта кешенді заңнамалық негіз қалыптастыратынын айтты.

«Елімізде туризм саласын дамыту маңызды мақсаттардың бірі. Бүгін қабылданған заң осы бағытта кешенді заңнамалық негіз қалыптастырады. Соған сәйкес қаржылай қолдау тетіктерінің де ауқымы кеңейді. Олардың қатарында инвестициялық жеңілдіктер, туристік қызметті ынталандыру, сырттан туристер әкелетін туроператорлардың шығындарын субсидиялау сияқты басымдықтар бар», – М. Әшімбаев.

Айта кетейік, бүгін Сенаттың жалпы отырысында аталған құжатты бірінші оқылымда талқылау кезінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова елімізде басым туристік аумақ ұғымы енгізілетінін атап өтті.

«Басым туристік аумақ - туристік картаның республикалық объектілер тізіміне енгізілген, туристік дамудың ерекше әлеуеті бар аумақ. Басым туристік аумақ ресурстарды туризмді дамытудың перспективалы нүктелерінде шоғырландыру мақсатында құрылады. Сондай-ақ, бұл аумақта инвесторлар үшін ерекше жеңілдіктер және қазақстандықтардың елде демалуға бағытталған ілгерілету шаралары қарастырылған», - деді министр.

Сонымен қатар ол шетелдік туристерге қатысты туристік алым жүйесін енгізу қарастырылғанын атап өтті.

Туризм саласын мемлекеттік қолдаудың жаңа шараларын енгізуге байланысты уәкілетті және басқа мемлекеттік органдарға тиісті қосымша құзыреттер беріледі:

- туристік нысандар мен жол бойындағы қызмет көрсету объектілерін салуға кәсіпкерлік субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу;

- туристік мақсаттарға арналған көлік құралдары мен тау шаңғысы курорттарын дамытуға арналған жабдықтар алуға шығындардың бір бөлігін өтеу;

- туристік пакет аясында әрбір келген шетелдік турист үшін туроператорларды субсидиялау;

- туристік пакет аясында балаларға арналған ұшу билеті үшін тасымалдау төлемін өтеу.

Министрлік мәліметінше, бұл шараларды жүзеге асыру экономикаға бюджеттің қосымша кірісі түрінде 135 млрд теңгені тартуға, 170 мыңнан астам жұмыс орнын құруға және кем дегенде 1000 жобаны іске асыруға мүмкіндік береді.


Соңғы жаңалықтар