Сенат Төрағасы: Мемлекеттік сатып алуға алып-сатарлар көп қатысады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тапсырыс беруші төмен бағаға қызығып, сапасыз импорттық тауар алады. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда қазіргі уақытта 1071-ден 40 ірі және орта жеңіл өнеркәсіп саласы ғана жұмыс істеп тұр. Яғни, жеңіл өнеркәсіптің әдеттегі кәсіпорны - бұл тігін немесе аяқ киім фабрикасы емес, ателье және артель. Кейбір салаларда 1 ғана ірі немесе орта кәсіпорын бар. Бұл ретте барлық кәсіпорындардың орташа қуаттылығы 26 пайыздан сәл асады. Саладағы қызметкерлер тізімі 12 700 адам, ал шынайы түрде – 9 300. Бұл көрсеткіш кеңестік уақытында 200 000 болған», - деді Д. Назарбаева Сенатта еліміздегі жеңіл өнеркәсіп тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда.

Оның сөзіне қарағанда, еліміз жеңіл өнеркәсіп өнімдерін экспорттағаннан гөрі, 17 есе көп импорттайды.

«Қазіргі кезде Қазақстанда жеңіл өнеркәсіпке көбінесе ведомстволық мемлекеттік тапсырыстар арқылы қолдау жасалып отыр, солардың есебінен кәсіпорындар жұмысын жалғастыруда. Бірақ түрлі себептерге байланысты бұл кәсіпорындарға технологиялық тұрғыдан дамуға, ассортиментті кеңейтуге мүмкіндік бермейді. Мемлекеттік сатып алуға алып-сатарлар көп қатысады. Тапсырыс беруші төмен бағаға қызығып, сапасыз импорттық тауар алады. Нәтижесінде, бюджет қаражаты елден шығарылып, басқа елдердің экономикасын дамытуға демеуші болады», - деді Сенат төрағасы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Дариға Назарбаева жеңіл өнеркәсіптің әлеуметтік маңыздылығы туралы айтты.



Соңғы жаңалықтар