Сенат сақтандыру мен бағалы қағаздар нарығы туралы заң жобасын Мәжіліске қайтарды

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенаты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңын Мәжіліске қайтарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі Сенат отырысында аталған заң жобасын ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова оқыған еді. Заң жобасында Қазақстанның 5 кодексіне және 35 заңына өзгерістер енгізу көзделеді.

«Заң жобасы жаңа өнімдерді енгізу, қызметтерді одан әрі цифрландыру, тұтынушылар мен инвесторлардың құқыған қорғау сапасын арттыру арқылы сақтандыру және банк секторларын, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығын дамытуға ықпал етеді. Оны талқылау және оны екінші оқылымға дайындау барысында мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі туындады. Біріншіден, заң жобасы арқылы Азаматтық кодекске (Жалпы бөлім) «қамтамасыз ету төлемі» ұғымы енгізіледі, онда міндеттемелер ақшамен немесе бағалы қағаздармен қамтамасыз етілген. Шартты әділ орындаған кезде өтемақы тиісті міндеттемені орындау есепшотына аударылуы немесе қайтарылуы мүмкін. Оған қайтару механизмі нақтыланатын толықтыру енгізу ұсынылады», - деді Сенат депутаты Жеңіс Нұрғалиев Сенат отырысында.

Екінші толықтыруда Заң жобасында сақтандыру омбудсменінің сотқа дейінгі реттеуі көзделеді. Бұл ретте заңды тұлғалар қатысатын даулардың, сондай-ақ талаптар сомасы 10 мың АЕК-тен асатын даулардың едәуір бөлігі сақтандыру омбудсменінің құзыретінен тыс болады. Жоғарыда көрсетілген шектеуді алып тастау және барлық сақтандыру даулары бойынша заңда көзделген тәртіп пен шарттардың сақталуын ескере отырып, сотқа жүгіну құқығын көздеу ұсынылады.

«Үшіншіден, Заң жобасында акционерлердің қоғам қызметі туралы ақпарат алу жөніндегі құқықтары регламенттеледі. Барлық акционерлер үшін тең жағдай жасау мақсатында өтініш берілетін күнге дейін 12 айдан ерте емес уақытта қоғамның акционері болған адамдар үшін шектеуді алып тастау ұсынылады. Төртіншіден, Заң жобасында көлік оқиғасы кезінде сақтандыру жағдайын реттеудің жеңілдетілген тәртібі көзделген. Жол-көлік апатын сақтандыру компаниясының ақпараттық жүйесі және деректер базасын қалыптастыру мен жүргізу жөніндегі ұйымның ақпараттық жүйесі арқылы рәсімдеу тәртібін нақтылау енгізіледі», - дейді депутат.

Бесіншіден, заң жобасында жеке тұлғалар болып саналатын қаржы нарығының қатысушыларына (эмитенттер, инвесторлар) қатысты уәкілетті органның ықпал ету және қадағалау шаралары көзделген. Қолданыстағы редакцияда бұл ереже аталған шараларды тек заңды тұлғаларға қолдануды қарастырды. Жеке тұлғаларға шектеулі ықпал ету шараларын, қадағалау шараларын қолдану тәртібін айқындау бөлігінде уәкілетті орган басқармасының өкілеттіктеріне тиісті өзгерістер енгізу ұсынылады.

«Алтыншы түзету қолданыстағы «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» заңда салымшы 3 жыл өткен соң оқудан шығарылған жағдайда мемлекеттің сыйлықақыны қайтарып алуын көздейді. Салымшы оқудан шығарылғаннан кейін 3 жылда білім беру ұйымына қайта қабылданған не басқа ұйымға оқуға түскен жағдайларда есептелген сыйлықақыны қайтару міндетінен босатылатындай түзету ұсынамыз. Бұдан басқа, заң нормаларын қолданысқа енгізуді көздейтін 2-бапқа өзгерістер енгізу қажет. Баяндалғанды ескере отырып, ҚР Конституциясының 61-бабының 5-тармағына сәйкес, Қаржы және бюджет комитеті Парламент Мәжілісіне «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы жобасына өзгерістер мен толықтырулар жіберуді ұсынады», - деді Жеңіс Нұрғалиев.

Өз кезегінде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл заң жобасы сақтандыру мен бағалы қағаздар нарығын және банк қызметі саласын реттейтін заңнамалық базаны одан әрі жетілдіруді көздейтінін айтты.

«Соған байланысты, заң жобасында осы салада жаңа өнімдерді енгізу, жекелеген талаптарды оңтайландыру және қызметтерді цифрландыру сияқты нормалар қарастырылған. Тұтынушылар мен инвесторлардың құқықтарын қорғау сапасын одан әрі арттыруға арналған қосымша тетіктер де бар. Сонымен қатар, Сенат заң жобасының кейбір нормаларын қайта қарауды ұсынып отыр. Бұл түзетулер заң жобасындағы жекелеген құқықтық тетіктерді жетілдіруге бағытталған. Заң жобасы қабылданғаннан кейін отандық сақтандыру жүйесінің, бағалы қағаздар нарығының және банк қызметінің дамуы үшін қолайлы орта қалыптастыруға оң ықпал етеді деп сенеміз», - деді Мәулен Әшімбаев.


Соңғы жаңалықтар