Сенат республикалық бюджетті нақтылауды мақұлдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті, Жиында республикалық бюджеттің нақтылауы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыс барысында депутаттар «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады.

Республикалық бюджетті нақтылау пандемиямен күрес жұмыстарын қаржыландыруға, мемлекеттің әлеуметтік міндеттерін орындауға, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары аясында экономиканың нақты салаларын қолдауға, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға және индустриалды-инновациялық даму бағдарламаларын іске асыруға бағытталған.

Сенат төрағасы бүгін қабылданған заңның еліміз үшін маңызы зор екенін айтты.

«Республикалық бюджетті нақтылау Президентіміздің биылғы Жолдауында айтылған әлеуметтік тапсырмаларды орындауға, экономикалық өсуді қалпына келтіруге және пандемиямен күресуге бағытталған. Шын мәнінде, биылғы жыл індетке байланысты оңайға тиіп жатқан жоқ. Соған қарамастан Президентіміз мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттерін орындау үшін бар мүмкіндікті жасауда», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат спикерінің айтуынша, республикалық бюджетті нақтылау кезінде әлеуметтік мәселелерді шешуге, экономиканың нақты секторларын қолдауға баса мән берілген.

«Заң жобаларын талқылау барысында Сенат депутаттары көптеген өзекті мәселелерді көтерді. Үкімет оларға мұқият назар аударып, оң шешу үшін кешенді жұмыс жүргізеді деп ойлаймыз. Бюджеттен бөлінген қаражат сапалы әрі тиімді жұмсалып, халықтың игілігіне, экономиканы қалпына келтіруге бағытталады деп сенеміз», – деді Сенат төрағасы.

Сонымен қатар сенаторлар «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2020-2022 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады.

Заң жобасында Ұлттық қордан 2020 жылға арналған республикалық бюджетке 4 770 млрд. теңге сомасында кепілдендірілген трансферт мөлшері белгіленген.

Сондай-ақ, отырыста бірқатар депутаттық сауалдар жолданды. Сенатор Бауыржан Қаниев «Орталық-Батыс» жобасын іске асыру аясында «Шалқар-Ембі-Қандыағаш» автомобиль жолының құрылысы туралы айтты. Владимир Волков қылмыстық-атқару жүйесіндегі мәселелерді көтерді. Ал Мұхтар Құл-Мұхаммедтің сауалы белгілі ғалым, академик Салық Зимановтың 100 жылдығына қатысты болды.


Соңғы жаңалықтар