Сенат полицейлердің құқықтық қорғалуын арттыруға арналған құжатты қабылдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру, құқық қорғау органдары, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің және әскери қызметшілердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуы мен жауаптылығын арттыру, ведомствоаралық үйлестіру, ішкі істер органдарының дербестігі, жекелеген қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылықты күшейту және қару айналымы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасы құқық қорғау қызметін құқықтық реттеуді жетілдіру, қару айналымы саласындағы талаптарды күшейту, полицейлердің құқықтық қорғалуын арттыру, шешімдер қабылдау кезінде күш құрылымдары арасындағы тиімді үйлестіруді және күш құрылымдарының дербестігін қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың басшыларының жауапкершілік деңгейін арттыру мақсатында әзірленді.

Сенатор Андрей Лукиннің айтуынша, құжатта құқық қорғау қызметі туралы заңнаманы жетілдіру, сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құқықтық және әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру ескерілген.

Заң жобасында мынадай түзетулер енгізіледі:

- конкурстың кезеңдері азайып, конкурстан тыс іріктеу бойынша талаптар күшейтіледі;

- арнаулы мемлекеттік органдарды және әскери қызметшілерді құқық қорғау органдарына ауыстыру енгізіледі;

- ведомстволық жоғары оқу орындарына тәжірибелі ғалымдар мен практиктерді қабылдау оңайлатылады;

- қызметкерлердің жұмысын бағалау, тәртіптік практика және көтермелеу, сондай-ақ мерзімінен бұрын атақтар беру тәртібі ретке келтіріледі;

- құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жалақысын индекстеу бойынша (2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап) түзетулер енгізіледі;

- қаза тапқан немесе мүгедектік алған қызметкерлердің балаларының жоғары білім алуына мемлекеттік гранттарды көздейтін түзетулер енгізіледі;

- қару айналымы саласында реттеу жөніндегі талаптар күшейтіледі;

- күш құрылымдарының шешімдер қабылдаудағы дербестігін қамтамасыз ету және олардың басшыларының жауаптылық деңгейін арттыру.

- әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайды жою кезінде құқық қорғау және арнаулы органдарды пайдалану, Қарулы күштерді тарту, Қарулы күштердің арнаулы құралдарды, қаруды қолдану және әскери техниканы пайдалану ерекшеліктері регламенттеледі.


Соңғы жаңалықтар