Сенат мәдениет мәселесіне қатысты заңнамаға маңызды түзетулер қабылдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заң жобасының мақсаты қолданыстағы заңнаманы жетілдіру және мәдениет саласын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау болып табылады. Жобамен қамтылған негізгі бағыттар – кітапхана және баспа ісі, мәдени-көпшілік іс-шараларды реттеу мәселелері және шығармашылық одақтарды қолдауға қатысты түзетулер болып отыр», - деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.

Оның атап өтуінше, жоба «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы», «Мәдениет туралы» және «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына түзетулер енгізуді көздейді және түзетулердің негізгі блогы мәдениет саласына қатысты.

Құжатқа байланысты қосымша баяндама жасаған сенатор Айгүл Қапарованың айтуынша, заң жобасында электронды кітапхана, концерттік қызмет, көркемдік кеңестер, қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді сатып алу, мемлекеттік кітапханалар мен музейлердің ақылы қызметтері туралы өзгерістер көзделген. Үш заңға «Мәдениет туралы», «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» және «Мемлекеттік мүлік туралы» заңдарына өзгерістер енгізіледі.

«Заң жобасы Қазақстан ұлттық электронды кітапханасының құқықтық негіздерін қалыптастыру тәртібін көздейді және электронды кітапхана қорын кеңейтуге мүмкіндік беріп, оның объектілерін анықтайды. Заң жобасында «Қазақстандағы кітапханалардың жиынтық электронды каталогы» және «ойын- сауық мәдени бұқаралық іс шара» туралы жаңа ұғым енгізілді. Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді таңдау және басып шығару, авторлық құқық тәртібі мәселелері реттеліп, анықталып отыр. Бұл маңызды. Өйткені бұған дейінгі нормада автордан шығарманы мемлекеттік меншікке сатып алуда бірқатар келіспеушіліктер орын алып, авторлық құқық талаптарын шектейтін жағдайлар болған. Енді мемлекеттің авторлардан шығармашылық өнімдерді белгілі бір мерзімге ғана сатып алу нормалары қарастырылды«, - деді ол.

Сенатордың сөзіне қарағанда, заң жобасы мұражай-кітапхана, театр және цирк өнері, музыкалық және концерттік іс-шаралар бойынша аймақтық көркемдік кеңестер құруды көздейді. Бұл кезегінде өңірлердегі мәдени ұйымдардың қызметін үйлестіріп, оның бірқатар проблемаларын шешуге атсалысады. Сонымен бірге шығармашылық одақтарды қаржыландыруды реттейтін жаңа норма енгізуді көздейді.

»Шығармашылық одақтарды қолдау еліміздегі әлеуметтік саясатты жүзеге асырудағы қатынастардың жаңа моделін қалыптастырады. шығармашылық бастамаларды қолдау қорларын құруға мүмкіндік туады. Заң жобасындағы концерттік қызметті реттеу нормасы концерттік қызметті жүйелеу, орындаушылардың деңгейін және репертуардың сапасын арттыру, сондай-ақ фонограммаларды пайдалану жөніндегі мәселені реттеу мақсатын көздейді. Алайда ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу кезінде бірқатар міндеттемелер енгізілгенімен заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қаралмағаны туралы мәселе жұмыс тобы барысында біраз талқыға түсті. Осы орайда Заң жобасын әзірлеуші министрлік құқық қолдану практикасында аталған норманы бұзу бойынша нақты фактілер жүйелі түрде анықталған жағдайда, алдағы уақытта «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекске әкімшілік жауаптылықты көздейтін түзетулер енгізу жөнінде бастама жасау мәселесін көтеретінін мәлімдеп, комитетке хат жолдады. Заң жобасын қабылдау мәдениет, оның ішінде кітапхана және баспа ісі саласындағы қатынастарды, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуді ұйымдастыру мәселелерін, мемлекеттік кітапханалар мен музейлердің ақылы қызметтері тәртібін сондай-ақ шығармашылық одақтармен өзара іс-қимылды тиімді реттеуге мүмкіндік береді«, - деді Айгүл Қапарова.


Соңғы жаңалықтар