+7 (701) 759 90 19
USD 424.99 EUR 504.21
RUB 5.81 CNY 65.66
Jańalyqtar

Сенат депутаты Байқоңырдағы мектеп мәселесін көтерді

2021 жылғы 10 маусым 12:04
Бөлісіңіз:
Сенат депутаты Байқоңырдағы мектеп мәселесін көтерді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл Байқоңыр қаласы мен Төретам елді мекенін дамытуға 2,1 млрд теңге жұмсалады. Бұл туралы Қаржы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұқсас жаңалықтар
Биыл СҚО-ның 18 мектебіне оқушылар автобусы сатып алынды Білім грантына қатысу үшін 100 мыңға жуық өтініш түсті 200-ден астам қазақстандық Венгрияның  жоғары оқу орындарында тегін білім алады

«1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын талқылау кезінде Сенат депутаты Бекболат Орынбеков Байқоңырдағы орта білім мәселесін көтерді.

«Тарихи ғарыш кешені орналасқан 76 мыңнан асатын тұрғыны бар, оның ішінде 49 мыңнан астам Қазақстан Республикасының азаматы бар Байқоңыр қаласын дамыту кезеңінде бірқатар проблема туындап отыр. Атап айтқанда, Ресей тарапынан қолданыстағы ифнрақұрылымды күтіп ұстауға ғана қаражат бөлінуде. Қаладағы тұрғын үй қоры жаңартылмайды және инженерлік инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандардың тозығы жеткен. Қазақстан тарапы да қолданыстағы заңнамалар негізінде Байқоңыр қаласының инфрақұырылым жобаларын тікелей қаржыландыра алмайды. Сонымен қатар қаржы жетіспеушілігі салдарынан ҚР азаматтарын сапалы біліммен қамтамасыз ету кезеңінде проблема орын алып отыр, Атап айтқанда, қалада 9200 оқушы тәлім алатын 12 мектеп бар. Оның ішінде Ресей Федерациясының 7 мектебінде 4000 оқушы және Қазақстанның 5 мектебінде 5200 оқушы білім алуда. Ресейлік мектептердегі 4000 оқушының 1408-і – Қазақстан Республикасының азаматтары. Олардың ресейлік білім беру бағдарламасын оқуына байланысты мемлекеттік грантпен жоғары оқу орнына түсу кезінде қиындықтар туындайды», - деді депутат.

Сенат өкілі қаладағы 11 мың пәтердің иесі өз баспаналарын өз аттарына қарата алмай жүргенін де еске салды.

«Қолданыстағы заңнамаларға өзгеріс енгізіп, жалға алу кезінде төленетін түсімдер есебінен Байқоңыр қаласы мен оған іргелес жатқан Төретам мен Ақай елді мекендерін дамытуды қаржыландыру жұмыстары қашан және қалай іске асырылмақ? Байқоңыр қаласының 11606 пәтерінде тұрып жатқан ҚР азаматтарының баспанасын жекешелендіру мәселесі қашан және қалай шешімін табады», - деп сұрады Бекболат Орынбеков.

Қаржы вице-министрі Ербол Қарашөкеевті айтуынша, «Байқоңыр» кешенінен түсіп жатқан жалдау ақысын нысаналы түрде Байқоңыр қаласы мен Төретам, Ақай елді мекендерінің дамуына жіберу –тұжырымдамалық мәселе.

«Мүдделі мемлекеттік органдар арасында ол мәселе талқыланған. Түсіп жатқан жалдау ақысы негізі салық емес түсім болғандықтан, бірыңғай бюджетке түседі. Оның бір бөлігін арнайы түрде бөліп алып, осы елді мекендердің дамуына жіберу мүмкін емес. Себебі ол бюджеттік принциптерге қайшы келеді», - деген министрлік өкілі соған қарамастан, осы елді мекендердің, Байқоңыр қаласының инфрақұрылымын қаржыландыруға толық мүмкіндік бар екенін атады.

«2021 жылы Байқоңыр қаласы мен Төретам елді мекенін қаржыландыру үшін нысаналық трансферт арқылы бюджеттен 2,5 млрд теңге құю жоспарланған. Жалпы Қызылорда облысына республикалық бюджеттен 22,7 млрд теңге көзделіп отыр. Сол себепті мүмкіншілік бар. Нысаналы трансферт арқылы осы мақсаттарға ақшаны жіберуге дайынбыз. Ол үшін әрбір министрлік өз құзыреттерінде бізге ұсыныстарын енгізуі қажет», - деді вице-министр.

Ведомство өкілі Байқоңыр қаласындағы 11 мыңнан астам пәтерді жекешелендіру мәселесін біржола шешуге бағытталған процес басталғанын да айтты.

«Ол үшін қолданыстағы тұрғын үй заңнамасын өзгерістер енгізудің қажеті жоқ. Біріншіден, ол Қызылорда облысының әкімдігінің құзыреті. Жекешелендіру процесін бастау үшін әуелі облыс әкімдігі сол пәтерлерді Ресей тарапының жалдауынан шығаруы керек. Жалдаудан шығару үшін «Байқоңыр» кешенінің мәселелері жөніндегі үкіметаралық комиссияның күн тәртібіне енгізіп, Ресей тарапынан, «Байқоңыр» әкімшілігінен келісім алу керек. Ресейдің жалдауынан шығарылғаннан кейін Қызылорда облысы әкімдігінің коммуналдық меншігіне өткізіп, осындан кейін қолданыстағы заңнама бойынша жекешелендіру процесі жүргізіледі. Ол жұмыс басталды, қазір жүргізіліп жатыр», - деді Ербол Қарашөкеев.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Есімжан Нақтыбай

Ұқсас жаңалықтар
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT