Сенат депутаттары Қарағанды фармацевтика кешенін аралады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысына ҚР Парламенті Сенатының депутаттары келді. Олар индустриялық аймақтың проблемалары мен жетістіктері жайлы көбірек білу үшін бірқатар кәсіпорындарды аралап шықты. Қазіргі уақытта өңдеуші өндірісті дамытудың қағидаттарын, мақсаттары мен міндеттерін айқындайтын өнеркәсіптік саясат туралы заң жобасы әзірленіп жатыр.

Депутаттар ең жаңа технологиялық жабдықтармен жабдықталған алғашқы отандық инновациялық биотехнологиялық фармацевтикалық кешен - «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС-де болды. Кешеннің өндірістік цехтары халықаралық стандарттарға сәйкес тиісті өндірістік тәжірибе талаптарын ескере отырып жобаланған және салынған.

Бірегей, бәсекеге қабілетті инъекциялық препараттар шығаратын кәсіпорын құрылысының бірінші кезегі 2005 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке тапсырмасы бойынша аяқталды.

2012 жылдан бері инвестиция көлемі 100 млн астам АҚШ долларын құрап, 180-нен астам жоғары білікті жұмыс орны ашылды.

Қарағанды фармацевтикалық кешені Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Бірыңғай дистрибьюторы - «СК-Фармация» ЖШС-мен дәрілік препараттардың 66 атауына арналған 10 жылдық ұзақ мерзімді жеткізу шартын жасасты.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі инспекция қорытындысы бойынша 2017 жылғы қарашада кәсіпорынға GMP сертификатын берді, бұл халықаралық стандарттарға сәйкес келетін дәрілік заттардың өндірісі мен сапасын бақылаудың тиісті ұйымдастырылғанын растайды.

Жобаны іске асыру Қазақстан Республикасында бұрын өндірілмеген гемофилия, онкология, вирустық гепатиттер, қант диабеті және басқа әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу үшін биотехнологиялық дәрілік препараттарды өндіру технологиясының трансферін көздейді.

Отандық биотехнологиялық дәрілік препараттарды оқшаулау импорттық дәрілік заттардың бағаларымен салыстырғанда өндірістің өзіндік құнын 10-нан 30%-ға дейін төмендетуге жағдай жасады.

Ал бұл өз кезегінде Денсаулық сақтау министрлігіне бюджет қаражатынан 1 млрд теңгеден астам соманы үнемдеуге және сол арқылы халықтың қымбат және өмірлік қажетті дәрілерге қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берді.

Наурыз айында кәсіпорын семиклотин дәрілік препаратына (қан кетуді тоқтату үшін) өсіп кеткен қосымша қажеттілікке мерзімінен бұрын жеткізуді жүзеге асырды, сондай-ақ Ревекард өндірісін (миокард инфарктісі кезінде тромбтың еруі) ұйымдастырды, оған қажеттілік бір жылда 10%-ға өсті.

«Бүгінгі таңда Қарағанды облысы - өңдеу өнеркәсібінің үлкен көлемі шоғырланған ең дамыған өңірлердің бірі. Тек 9 айдың ішінде облысқа 400 млрд теңгеден астам инвестиция салынды. Өндіріс көлемі 1,8 трлн теңгеден асты. Бұл - өте жақсы көрсеткіш. Қазір өнеркәсіптік саясат туралы заң әзірленуде. Сондықтан сенаторлар тобы өңір өнеркәсібінің проблемалары және жетістіктерімен жақынырақ танысу үшін Қарағанды облысына келді», - деп атап өтті Парламент Сенатының депутаты Сүйіндік Алдашев.


Соңғы жаңалықтар