Сенат цифрлық технологияларды реттейтін заң қабылдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Цифрлық технологияларды реттеу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге түзетулер енгізу туралы» Заңды қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Цифрлық технологияларды реттеу мәселелері бойынша» заң жобасы Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауына сәйкес әзірленді. Өздеріңізге белгілі, Елбасының бастамасымен «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарлама 2 жыл ішінде елімізді цифрландырудың драйверіне айналды. Осыған орай, заң жобасы цифрландыру процесін одан әрі дамытуға үлкен серпін береді. Заң жобасы, ең алдымен, цифрлық технологияларды дамытуға, және оларды қолданумен байланысты қатынастарды реттеуге бағытталған», - деді құжатты сенаторларға таныстырған ҚР Цифрлық даму, инновациялар, аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев.

Оның атап өтуінше, біріншіден, заңнамалық деңгейде цифрлық актив, майнинг, токен ұғымдарын, сондай-ақ блокчейн технологиясын анықтау және цифрлық активті мүлікке жатқызу ұсынылады. Сонымен қатар, «Зияткерлік робот» ұғымын айқындау және робот иесінің жауапкершілігін бекіту көзделеді.

«Екіншіден, цифрландыру нәтижесінде талдауды қажет ететін үлкен деректер қоры қалыптасты. Осыған орай, заң жобасымен «Үлкен деректерді» талдау механизмін реттеу ұсынылады. Бұл Smart Data Ukimet жобасы негізінде экономикалық көрсеткіштерді талдау арқылы тиімді Үкіметтік шешімдерді қабылдауға мүмкіндік береді. 2018-2019 жылдары Smart Data Ukimet жобасы аясында қаржы, білім беру, әлеуметтік және денсаулық сақтау салаларында 187 млрд теңге шамасында экономикалық әсер берді. Атап айтсам, қаржы саласында қосымша түсімдер, денсаулық сақтауда дәрілік заттарды дұрыс бөлу арқылы болды. Осындай нақты мысалдар білім беру, әлеуметтік салаларда да экономикалық әсерін көрсетті. Біз бұл жұмысты басқа да мемлекеттік органдармен жалғастырамыз», - деді министр.

Ол үшіншіден, Мемлекет басшысы Цифрландыру жөніндегі отырыста барлық құжат айналымын электронды форматқа көшіруді тапсырғандығын айтты.

«Бұл мәселені шешу үшін Цифрлық құжаттар сервисін енгізу ұсынылады. Аталған сервис «Мобильді үкімет» қосымшасында көрсетіледі. Төртіншіден, азаматтардың дербес деректерін қорғау мемлекет парызы. Осыған орай, цифрлық технологияларды енгізу азаматтардың дербес деректерін қорғауды талап етеді. Ол үшін дербес деректерді қорғау саласындағы уәкілетті органды анықтау ұсынылады. Одан басқа, осы саладағы «Ерікті киберсақтандыру» қызметі енгізіледі. Бесіншіден, қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында ұлттық бейнемониторинг жүйесінің ережелерін регламенттеу ұсынылады. Бұл жүйені құру бүгінгі күні «ақылды қалалар» жобасын іске асыру шеңберінде тиімділікті көрсетіп отыр. Республиканың барлық аумағында бейнемониторинг жүйесін енгізу құқық бұзушылықты уақытылы анықтауға мүмкіндік береді», - деді ол.

Министр алтыншыдан, отандық IT-компанияларды дамыту үшін мемлекеттік органдар кәсіпкерлік қызметпен айналыспауы қажеттігін айтты.

«Осыған орай, цифрлық жобаларды құру және дамыту үшін квазимемлекеттік сектор функцияларын алып тастауды ұсынамыз. Сондай-ақ, венчурлік қызметті ынталандыру мақсатында «Жеке венчурлік инвесторды» айқындау жөніндегі нормаларды енгізу жоспарлануда. Осылайша, аталған нормаларды енгізу 2024 жылға қарай инновациялық стартап компаниялар санын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, заң жобасымен электрондық өнеркәсіп саласындағы уәкілетті орган айқындалады», - деді Асқар Жұмағалиев.


Соңғы жаңалықтар