Семейлік жастар бал биі бойынша халықаралық турнирді жеңіп алды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семейлік бишілер жақында Мәскеуде өткен «European Artistic dance Championship» спорттық бал билері бойынша халықаралық турнирдің жеңімпаздары атанған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Турнирге Ресей, Беларусь, Грузия, Армения, АҚШ, Франция, Чили, Словения, Польша, Греция, Украина, Македония, Бельгия, Швеция, Черногория, Чехия, Хорватия және Италияның төрешілері мен жас бишілері қатысты.

Қазақстан намысын қорғауға Анна Островскаяның жетекшілігімен «МиксДанс» би және спорт клубының тәрбиеленушілері аттанған. Cайыс қорытындысына сәйкес семейлік Ислана Нұртазина ча-ча-ча және самба бойынша Еуропа чемпионы, сондай-ақ баяу вальстен қола жүлдегер атанды. Айдана Бағдатова ча-ча-ча және самбадан күміс жүлдегер, Камила Итжанова ча-ча-ча, самба, джайв және румбадан (ең ұзақ және ең қиын санат) Еуропа чемпионатының финалисті атанды.

Семен Берков пен Иннар Амирханов та өз нәтижелерімен таңқалдырды. Олар ча-ча-ча, самба және баяу вальстен Еуропа чемпионатының жартылай финалына дейін жеткен.

«Балаларымыздың, олардың ата-аналарының және жаттықтырушыларының үлкен еңбегінің арқасында ең беделді турнирлердің бірінде еліміздің туы желбіреді. Қуаныштан көзімізге жас алдық. Біз оларды мақтан тұтамыз!», - дейді би және спорт клубындағылар.

Айта кетейік, Анна Островская Мәскеуге барған сапарында би спорты конгресіне қатысып, халықаралық дәрежедегі төреші мәртебесін алды.


Соңғы жаңалықтар