+7 (701) 759 90 19
USD 425.3 EUR 501.05
RUB 5.85 CNY 65.88
Jańalyqtar

Семейлік оқушылар қоқыс жинайтын эко-робот макетін жасады

2021 жылғы 24 наурыз 15:13
Бөлісіңіз:
Семейлік оқушылар қоқыс жинайтын эко-робот макетін жасады

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласындағы оқушылар Аружан Қаймолдина мен Нұрбол Мақтаев өзен-суларды қоқыстан тазартатын эко-робот макетін жасаған. Ондағы мақсаттары – су қоймаларының ластануы мәселесін шешуге атсалысу. ҚазАқпарат тілшісі жас өнертапқыштармен әңгімелесіп, ерекше эко-робот макетінің қалай дайындалғандығын сұрап көрді.

- Осындай жобамен айналысу идеясы қалай келді?

- Бүгінде жер шарындағы су қоймаларының ластануы ең өзекті мәселелердің бірі. Бұл осы саламен айналысып жатқан белгілі бір мамандарды ғана емес, бізді де алаңдатады. Осыған байланысты қайта өңделген пластикалық бөтелкелерден өзен-суларды қоқыстан тазалауға арналған робот макетін құрастыру туралы ой келді. Негізгі тіршілік көздерінің бірі судың ластануы туралы ақпаратты алғаш оқығанымда өз көзіме өзім сене алмадым. Осының барлығы адамның, яғни өзіміздің қолымызбен жасалатындығы өте өкінішті. Сол үшін қалайда бір әрекет жасауды ұйғарып, осы жобамен өткен жылдың қыркүйек айынан бастап айналыса бастадым, - дейді Аружан.


- Жобаны жүзеге асырудағы алғашқы қадам қалай жасалды?

- Идеямды жыл сайын Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өтетін жас өнертапқыштар күнінде көпшілік назарына ұсынып келдім. Қорғаған жобам сайыста жеңіске жетіп, ұстаздарымыз бен достарымның қызығушылығын тудырды. Осының барлығы менің макетті жасауыма жетеледі. Дегенмен макетті жасау барысында көмекші қажеттілігі сезіліп, Нұрболға ұсыныс жасадым. Ол қолдау білдірді, - дейді 9 сынып оқушысы.

- Нұрбол, өзің осыған дейін робот макетін жасап көріп пе едің?

- Әрине. WRO-2020 дүниежүзілік LEGO роботтар олимпиадасының жүлдегері атанғаным да бар. Бұған дейін бірнеше роботтың макетін әзірледік.


- Бұл эко-робот қандай қызмет атқаратын болады?

- Біздің мақсат – судың бетінен және оның түбінен қоқыс жинайтын және сонымен бірге су қоймасының экологиялық жағдайын бақылайтын роботтандырылған кешен құру. Біз алдымен жұмыс моделін жасай бастадық. Роботтандырылған кешеннің өзі екі бөлікке бөлінді: аэроқайық және жылжымалы қалқымалы механизм. Аэроқайық роботты кешенді су қоймасы арқылы берілген маршрут бойынша жылжыту функциясын орындады. Жылжымалы қалқымалы механизм су астындағы және үстінде қоқыс жинауды қамтамасыз етеді. Біздің роботтандырылған кешен су астындағы және үстіндегі қоқыстарды жинап, бейнекамералар көмегімен су асты әлемінің жағдайын, оның фаунасы мен флорасын бақылайды, - деді 11 сынып оқушысы Нұрбол Мақтаев.

- Алдағы жоспарларың қандай?

- Ендігі жоспарымыз токсиндер мен зиянды химиялық қосындылардан тірі ағзаларға залал келтірмейтін немесе суды тазартатын химиялық заттарға IGW қосу. Сонымен қатар жобаны жетілдіріп, «Дарын» сайысына қатысып көргіміз келеді. Жобаны патентке ұсынуда да көздеп отырмыз, - дейді жас өнертапқыштар.

- Әңгімелеріңе көп рақмет!


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Талғатжан Мұхаметбекұлы

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER

MURAǴAT