Семейдегі ең негізгі мәселелер - жұмыссыздық пен жалақының аздығы - ақынмен сұхбат

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Ұлы ақынның аты берілетін жаңа облыстың бүгіні мен болашағы жайлы семейлік ақынды әңгімеге тартып көрдік. Жазушылар одағының Семей өңірі филиалының төрағасы, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Мерей Қарт елдің көкейінде жүрген ұсыныс-тілектерді жеткізіп, түйіні тарқатылмаған мәселелерді жіпке тізіп берді.

- Абай облысының құрамына қай аудандардың кіретіні белгілі болды. Сіздің ойыңызша, қала, аудандардың осылай бөлінгені дұрыс па?

- Облыстық мәслихаттың шешімі бойынша Шығыс Қазақстан аумағында – Өскемен, Риддер қалалары, Глубокое, Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Самар, Тарбағатай, Ұлан, Шемонаиха, Алтай аудандары қалды. Ал Абай облысына – Семей, Курчатов қалалары, Абай, Аягөз, Ақсуат, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Үржар аудандары қарайды. Бұл шешімді қолдаймын.

Өйткені Семейдің бұрынғы әкімшілік аумағы қайта өзіне қайтарылғаны құба-құп. Тарбағатай ауданы мен Ақсуат ауданының екіге бөлінгені де талайдың тосып жүргені еді.

Одан кейін Үржар, Аягөз секілді ірі аудандардың Абай облысының құрамында болғаны экономикалық жағынан тиімді.

- Жаңа облыстың орталығына айналатын Семейде көпті толғандырып жүрген өзекті мәселелер қандай?

- Қалада күрмеуі шешілмеген күрделі мәселелер өте көп. Оның ең негізгісі – жұмыссыздық пен халықтың әл-ауқатының төмендігі. Семейде ет комбинатынан бастап тері өңдейтін зауытқа дейін қаншама кәсіпорын жабылды. Жаңа өндіріс орындары ашылмағандықтан жаппай жұмыссыздық белең алды. Айлықтың аздығынан азаматтардың жағдайы күрт нашарлады.

Осы ретте, жол сапасының сын көтермейтіндігін айтпай кету мүмкін емес. Шұрық тесік жолдардың дұрыс жөнделмейтіндігі жұрттың ығырын шығарды. Жарық мәселесі де өте өзекті. Қаладағы бірқатар көшелерге жарық тартылмаған. Соның салдарынан балалар қараңғы түскенде мектептен үйге қайтуға қорқады.

Одан кейін идеологиялық тұрғыда атауы ескірген көшелер көп. Кеңестік кезеңнен келе жатқан есім-сойы ешкімге белгісіз адамдардың аты берілген көшелерді қазақшаландыру қажет.

- Халықтың жағдайын жақсартып, табысын арттыру үшін қандай шаралар қажет деп ойлайсыз?

- Бірінші кезекте, бұрын жабылған ірі зауыт-фабрикалардың жұмысын қайта жандандыру керек. Жеке кәсіпкерлерге қажетті жағдай жасалып, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілгені абзал. Сонда жаңа жұмыс орындары көптеп ашылады.

- Абай облысы құрылатыны жайлы хабардан кейін Семейде баспана бағасы шарықтап кетті деп жатыр. Жалға берілетін ғимараттар мен кеңселердің де ақысы артқан көрінеді. Сіздің пікіріңізше, алдағы уақытта шаһар бойынша барлық салада баға көтерілуі мүмкін бе?

- Рас, қазір Семейде жылжымайтын мүлік бағасы күрт өсіп кетті. Оның ішінде баспана мен жер телімдері ерекше қымбаттаған. Қала облыс орталығына айналатындықтан бұл қалыпты процесс. Алайда соған орай жұрттың жалақысы да жоғарылауы тиіс. Бағаны тым аспандатып жіберуге де болмайды. Әкімдік тарапынан тиісті бақылау болғаны абзал.

- Осы уақытқа дейін Семей қаласын басқарған әкімдердің жұмысына көңіліңіз тола ма?

- Бұған дейін Семей жеке облыс болмағандықтан оның күні Өскеменге қарап келді. Қала әкімдері тек облыстан бөлінген ақшаны игеріп, берілген тапсырманы орындап қана отырды. Соның салдарынан шаһарға ірі инвестициялар тартылмады. Менің көз алдымда Семейді 6 әкім басқарды.

Олар - Нұрлан Омаров, Мейрамхат Айнабеков, Айбек Кәрімов, Ермак Сәлімов, Нұрымбет Сақтағанов пен Бақытжан Байахметов. Азғандай уақытта басшы 6 рет ауысқан. Соның ішінде елдің көңілінен шығып, әлі күнге дейін аузында жүретін – Мейрамхат Айнабеков. Ол халықпен тығыз жұмыс істеп, қаланың дамуына сүбелі үлес қосты.

- Жеке облыс болып құрылған соң тұрғындар нақты қандай өзгерістер күтіп отыр?

- Абай облысы құрылатынын алғаш естігенде қалада қуанбаған адам сірә, жоқ шығар. Өзгерісті бұрыннан қалап келе жатқан бұқара жақсылықтан үмітті. Инфрақұрылым жақсарып, көшелердің өңі кіріп, жаңа демалыс орындары салынса деп тілейді. Жаңа айтқанымдай, барлығы негізінен жұмысқа орналасып, жақсы табыс табуды қалайды.

Өзім әдебиет әлемінің қазанында қайнап жүргендіктен қаламгерлерге қолдау көрсетілсе деймін. Абайдың, Шәкәрім мен Мұхтардың жерінде руханиятқа, өнерге, жазба әдебиетіне қатысты тың жобалар іске асырылса нұр үстіне нұр болар еді.

- Енді Семейде туып-өсіп, қазір елдің басқа қалаларында жүрген білікті кадрлар мен білімді жастар кіндік қаны тамған жерге қайта оралады деп ойлайсыз ба?

- Бұл киелі жерде кіндігі кесілген азаматтардан түрлі салада мықты мамандар шығып жатқаны баршаға аян. Президент аппаратынан бастап сан алуан мемлекеттік мекемелерде, ірі компанияларда маңдай терін төгіп жүргендер аз емес. Оларды туған жерге келіп, елге қызмет етуге шақырамын. Бірақ барлығы қайтып келеді деп айту қиын.

Семейді аяққа тұрғызу үшін білімді кадрлар керек-ақ. Бірақ мұнда ешкім қалмады деуге болмас. Қалада әлі күнге дейін жұмыс істеп келе жатқан қолынан іс келетін білімді азаматтар бар.

- Сөз соңында айтарыңыз?

- «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, Семейдің мұң-мұқтажын айтып халық әбден шаршады. Енді міне, азғандай уақыттан кейін ел тілегі орындалайын деп тұр. Жаңа облыстың жаңа Қазақстандағы тынысы ерекше болады деп үміттенеміз. Барша семейліктерге туған жердің көркеюі жолында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып еңбек етуге шақырғым келеді.

Соңғы жаңалықтар