Семейдегі дүкеннен шыққан өрт сөндірілді

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласындағы дүкенді шарпыған ірі өрт сөндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 16 сәуірде сағат 10:00 шамасында Қашағанов көшесіндегі дүкеннен шыққан өрт сағат 12:19-да сөндірілді. Жалын шарпыған жалпы аумақ 500 шаршы метрді құраған.

«От шатырдың ағаш құрылымдары мен тауарларды шарпыды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өртті сөндіруге жеке құрамнан 60 адам мен 12 автоцистерна жұмылдырылған», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Алдын ала болжам бойынша өрттің шығуына пешті және электр жабдықтарын орнату, пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау себеп болуы мүмкін.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін семейлік өрт сөндірушілердің дүкенді шарпыған жалынмен күресіп жатқандығын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар