Семейдегі Абай театрында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Семейге жұмыс сапарымен келді. Аймақ басшысы «Адал» дүкендер желісін аралап, Абай театрындағы жөндеу жұмыстарының қарқынымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ШҚО әкімі «Адал» дүкендер желісінің жұмысына оң баға берді. 2 сәуірден бастап қала әкімдігі аталмыш супермаркеттермен және «Адал-фарм» дәріханаларымен бірлесе отырып, қарттар мен мүгедектерге ең қажетті заттарды жеткізуді ұйымдастырды. Ол үшін 52-12-12 нөмірі бойынша қоңырау шалып, тапсырыс беру жеткілікті. Азық-түлік пен дәрі-дәрмектерді Жастар ресурстық орталығының еріктілері тиісті мекенжайға жеткізіп береді. Тапсырысты аптасына бір рет жасауға болады. Байланыс орталығының мамандары тапсырыстарды сағат 07.00-ден бастап кешкі 19.00-ге дейін қабылдайды. Сәуірдің екісінен бері бүгінге дейін 1200 өтініш түскен.

Ал Абай атындағы театрда хәкімнің 175 жылдық мерейтойына орай жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Театр директоры Яков Горельниковтың айтуынша, өткен жылдың қыркүйегінде қажетті қаражат бөлініп, театр актерлерінің суреттері салынған стендтер жаңартылған. Сонымен қатар өрт қауіпсіздігі шаралары да күшейтілген. Бұдан бөлек, заманауи дыбыс және жарық жабдықтары сатып алыныпты.

«Мәдениет ошағында мұндай ауқымды жөндеу жұмыстары бұрын соңды болған емес. Күрделі жөндеумен қатар театр аумағы абаттандырылмақ. Жұмыс барысын аймақ басшысы, қала әкімі және облыстық мәдениет басқармасы қатаң бақылауға алған. Абайдың 175 жылдығына орай ең маңызды іс-шаралар осы театрда өтетіндіктен біз қонақтарды лайықты қарсы алуымыз керек», - деді Яков Горельников.

Театр ішінде де бірқатар өзгерістер орын алмақ. Екінші қабаттың фойесі де қонақтарды жаңаша келбетте қарсы алатын болады. Көрермендер залы да жаңартылады. Абай мерейтойына орай театр актерлері енді жаңа сахнада өнер көрсетеді.

Жаңартулар сахна артында да күтілуде, нақты айтсақ, гримерлік және дайындық бөлмелерінде де жөндеу жұмыстары қолға алынбақ. Театрдың шығармашылық құрамы ТЖ режимі енгізілуіне байланысты әзірше еңбек демалысына шықты. Бірақ жұмыс тоқтаған жоқ. 15 күннен кейін көрермендер онлайн-режимде «Ревизор» қойылымын тамашай алады. Облыс әкімі Даниал Ахметов театрдың түс гаммасына мұқият қарау керектігін баса айтты.

«Түрлі-түсті бояулардың қажеті жоқ. Тек ұстамды түстерді пайдаланып, колористиканы сақтаған жөн. Металл қоршауларды безендіруге де назар аударыңыздар. Біз мұнда халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткіземіз, сондықтан да дизайн мәселесі жақын арада шешіледі деп үміттенемін», – деді әкім.

Сапар соңында өңір басшысы қазір қайта жаңартылып жатқан Орталық саябақ пен жаяу жүргіншілерге арналған көше құрылысын тексерді.

«Мұнда серуендейтін жастар: «Шетелде қандай әдемі» деп ойламауы керек. Сол сұлулықтың бәрін осында, өз қаламызда жасау қолымызда тұр. Бұл 300 метрлік көше Еуропадағыдай болуы тиіс. Ол үшін тиісті қаражат бөлінген», - деді Даниал Кенжетайұлы.

Осылайша, 1 шілдеде Семейде жаяу жүргіншілер көшесі болады. Облыс әкімі жергілікті атқарушы билікке заманауи дизайн жасауды тапсырды. Ал Орталық саябақтағы жұмыстар 1 маусымға дейін аяқталмақ.

Жұмыс сапарының соңында Даниал Ахметов журналистерге берген сұхбатында облыс тұрғындарына үндеу жолдады:

«Егер біз өз балаларымыздың және немерелеріміздің денсаулығына алаңдасақ, онда оларды оқшаулауымыз керек. Көлік санының айтарлықтай азаюы құба-құп. Біз таңдаған әдіс коронавирустың таралуын едәуір бәсеңдетуге мүмкіндік береді. Қалаға қажетсіз шықпай, сақтаныңыздар – бұл жұқпалы індетпен күрестің жалғыз әдісі», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар