Семейде жертөледен табылған сілеусіннің неден өлгені белгілі болды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семейдегі биологиялық орталықтағы сілеусінді қасқыр талап өлтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биоорталықтың хабарлауынша, оқиға 31 қаңтар күні кешкі сағат 16:00 шамасында болған.

«Табиғат қорғау полициясы сілеусінді уақытша осы орталыққа берген болатын. Орналастыратын орын болмаған соң оны жыртқыш аңдар вольеріне қамадық. Ол жерде қасқыр тұратын. Қасқыр жіңішке әрі тар жерге жайғасты. Ал сілеусін өзі ғана тұратын оқшау үйшікте өмір сүрді. Бірақ тамақтандыратын кезде қасқырды екеуіне ортақ іргелес вольерге кіргізетінбіз. Өйткені оның тұратын жерінде ас-ауқат беретін орын жоқ. Ал оны қолдан тамақтандыру қауіпті», - деп түсіндірді биологиялық орталықтағылар.

Биоорталық әкімшілігі сілеусіннің әрі қарайғы тағдыры қалай шешілетінін күтіп жатпай оған қауіпсіз, жайлы жағдай жасау үшін тиісті материалдарды іздеп, вольерді реконструкциялауды бастап кеткен еді.

«Кешкі ас кезінде үйшігінде жатқан сілеусін аяғын тордан шығарған, сол сәтте ас жеп жатқан қасқыр оның аяғын талап тастаған, сөйтіп ауыр жарақаттады. Сілеусін оқиға орнында өлді», - деп мәлім етті зоологтар.

Оқиғаға байланысты тиісті құзырлы орган өкілдерінен тәуелсіз комиссия құрылды. Жануардың өлексесі мал қорымына көмілген.

Еске сала кетейік, бұл сілеусін 24 қаңтарда Семейдегі жертөледен табылған. Жыртқыш аң қаңғыбас мысықтармен қоректенбек болған. Сілеусін уақытша балалар биологиялық орталығына орналастырылған болатын.


Соңғы жаңалықтар