Семейде жаңадан сайланған ауыл әкімдері таныстырылды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семейде жаңадан сайланған ауылдық округ әкімдері таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

25 шілдеде Семей өңірінің 4 ауылдық округінде әкімдер сайлауы өткен болатын. Биыл алғаш рет әкімдерді тұрғындардың өздері таңдады.

Сайлау Айнабұлақ, Алғабас, Жиенәлі және Достық ауылдық округтерінде болды.

Бүгін қалалық әкімдікте ең көп дауыс жинаған кандидаттар таныстырылды. Қала әкімі Бақытжан Байахметовтың айтуынша, сайлау барлық талаптарға сай өтті.

«Биыл 4 сайлау учаскесі бойынша сайлаушылар саны 1898 адамды құрады. Оның 90,7%-ы дауыс берді. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Сайлауға 12 кандидат қатысты. Оның ішінде үшеуі Nur Otan партиясынан, біреуі - «Ауыл» партиясынан болса, қалғаны - өзін-өзі ұсынғандар»,- деді ол.

Сайлау қорытындысы бойынша Алғабас ауылдық округінің әкімі Доғалан ауылында орналасқан Быхин атындағы мектептің директоры Төлеген Құсайынов сайланды.

Кандидатқа сайлаушылардың 94,5%-ы дауыс берген.

Ал қалған ауылдық округтерде барлығы өзгеріссіз қалды. Достық ауылдық округінің әкімі лауазымына бұрынғы әкім Нүркен Жарлыкенов қайта кірісті.

Оның атқаратын лауазымындағы жұмыс тәжірибесі – 9 жыл. Оған сайлаушылардың 92% дауыс берді.

Жиенәлі ауылдық округінің әкімі болып Гүлжан Сыздыханова, ал Айнабұлақ ауылдық округіне Жаннұр Әдкеев сайланды.

«Халықтың қолдауына ие бола отырып, өз жұмыстарыңызды жалғастырып, мемлекеттік бағдарламаларды іске асырыңыздар. Халық сенім білдірген соң, елдің игілігі үшін жұмыс істеу сіздердің басты міндеттеріңіз. Сол сенімге селкеу түсірмейтіндеріңізге үмітім зор», - деді Бақытжан Байахметов.


Соңғы жаңалықтар