Семейде құтқарушылар отқа оранған үйден 2 газ баллонын алып шықты
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 7 сәуір күні сағат 21.47-де Молдағалиев көшесінде өрт шыққан. Оқиға орнына өрт сөндірушілер келіп жеткенде тұрғын үй кіреберісінің ағаш құрылғылары, қабырғалары мен төбесін қызыл жалын шарпып жатты.
«Құтқарушылар ас бөлмеден сыйымдылығы 27 литрлік 2 газ баллонын сыртқа шығарып үлгерді. Көп ұзамай жалпы ауданы 70 шаршы метрді шарпыған жалын толықтай ауыздықталып, оның ары қарай таралуына жол берілмеді. Тұрғын үйдің жалпы ауданы 250 шаршы метрді құрайды», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Өртті сөндіруге жеке құрамнан 23 адам мен 8 техника жұмылдырылған. Оттың шығу себебі - электр сымдарын монтаждау және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаудан болды.
Фото: semeynews.kz