Семейде қоқыс өңдейтін зауыт салынады

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында тамыз айының соңына қарай қоқыс өңдейтін зауыт салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен жылдың қараша айында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің 2025 жылға дейін ел аумағында 6 қоқыс өңдеу зауытын салу туралы тапсырмасы аясында қазақстандық делегация Грецияға сапар жасады. Онда «SABO S.A» атты компанияның басқарушы директоры Димитрис Килиариспен келіссөздер жүргізілген.

Сапар қорытындысы бойынша тараптар Семей, Өскемен және Ақтөбе қалаларындағы қоқыс өңдеу зауыттары үшін қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу бойынша автоматтандырылған желілерді сатып алу туралы келісімге қол қойды.

Бүгін Семей қаласына грек делегациясы жұмыс сапарымен келіп, атқарылып жатқан шаралардың қарқынымен танысты.

«Алдағы уақытта барлық қалдықтар сұрыпталатын болады. Қазір бұған қажетті ғимарат салынып жатыр. Жұмысты іске қосуды 29 тамызға жоспарлап отырмыз», - деді «Оператор» ЖШС басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев.

Қала бойынша қабылдау пункттерін орналастыруға жауапты ұйым – «Хазипов» ЖК. Кәсіпорын тамыз айында шыны қабылдайтын 10 қабылдау пунктін іске қосуы тиіс.

Өз кезегінде «SABO S.A» грек компаниясының директоры Димитрис Килиарис осы серіктестіктің маңыздылығын атап өтті.

«Қоқысты қайта өңдеуге назар аудару өте маңызды. Атап айтқанда, білім беру саласында экология тақырыбының қалыс қалмағаны қуантады. Шынында да, балалық шақтан бастап сананы өзгертіп, экологиялық мәдениетті үйрету керек», – деді Димитрис Килиарис.

Кездесу соңында делегация мүшелері полигон орнына барып, жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылап, алдағы жоспарларды талқылады.


Соңғы жаңалықтар