Семей тұрғыны балаға жәрдемақы рәсімдеу үшін алаяққа 200 мың теңге берген

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласының тұрғыны балаға жәрдемақы рәсімдеуге көмектесетіндігін айтқан алаяққа алданып, 200 мың теңгесінен айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «102» жедел арнасына 39 жастағы тұрғын хабарласқан. Өз сөзінде ол орталық базардағы бейтаныс әйелдің «балаға жәрдемақы алу үшін құжаттарды дайындауға көмектесемін» деп оның 200 000 теңгесін алғанын жеткізді.

«Жедел-іздестіру шараларын жүргізген криминалдық полиция қызметкерлері 27 жастағы күдіктіні қолға түсірді. Ол кінәсін мойындап, ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсап тастағанын айтты», - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.


Соңғы жаңалықтар